Голливуд кинофестивалінде Qazaq: history of the golden men фильмінің музыкасы үздік деп танылды

227
ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова есімі әлемге әйгілі, көмеймен ән салу шебері Еділ Құсайыновпен кездесті- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі ведомствоның сайтына қызметіне сілтеме жасап.

Көмеймен ән айту өнерін игерумен қатар, ол композитор, фольклор зерттеушісі және қазақтың көптеген музыкалық аспабында, соның ішінде жетіген, сыбызғы, сазсырнай, шаңқобыз және басқа да ішекті шертпелі, сондай-ақ пернелі аспаптарда ойнайтын мультиаспапшы.

Ақтоты Райымқұлова Еділ Құсайыновты - Голливуд кинофестивальіндегі жеңісімен құттықтады.

«Кеше Лос-Анджелестен тамаша жаңалық жетті. Голливуд кинофестивалінде Qazaq history of the golden men фильмінің музыкасы үздік деп танылды. Бұл Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған біздің сыйлығымыз!»,- деді Еділ Құсайынов.

Осы байқаудың әр номинациясы бойынша үздіктерді композиторлар және ән авторлары қоғамының, америка телевизия академиясының, ұлттық өнер және дыбыс жазу ғылымы академиясының, кинематография өнері және ғылым академиясының музыкалық секциясы мүшелері, авторлық құқықты қорғау ұйымдарының өкілдері, сондай-ақ музыкатанушы журналистер мен менеджерлер анықтайды.

Фильмнің авторлары - режиссер Игорь Лопатенок, тең режиссер - Оскар сыйлығының иегері Оливер Стоун, композитор Карл Силиотто.

Бұл фильмнің дыбысын ҚР еңбек сіңірген қайраткері, дирижер Абзал Мұхитдиновтың басқаруындағы Astana Opera симфониялық оркестрі жазған. Фильмнің композициясында Еділ Құсайынов еуропа және америка тыңдармандары үшін тың дүние - көмеймен ән шырқайды. Көмеймен ән айту - ежелден келе жатқан өнер түрі, ол мыңдаған жыл бұрын пайда болып, бүгінге жетіп отыр. Әсіресе бұл түркі халықтарының, сондай-ақ Сібір, Моңғолия және Тибетте тұратындардың дәстүрлі, ән айту әдісі. Көмеймен ән айтқан кезде дыбыстардың тербелісі адамның қабылдауы мен әсер алу сезімін дамытады. Бұл фильмде бірнеше стильдің ішінен арнайы көмей стилі іріктеп алынған.

Еділ Құсайынов фильмде сыбызғы, сазсырнай, шаңқобыз аспабында ойнайды. Оның музыкасын Ерлан Сәбит қобызда, Мәлік Дәуітов пен Әбілқайыр Әбдірашевтің соқпалы аспаптарда сүйемелдеуі ерекше әсер береді.