Астанада «Менің Қазақстаным» атты Шәмші Қалдаяқов әндерінің халықаралық фестивалі өтеді
Астанада «Менің Қазақстаным» атты Шәмші Қалдаяқов әндерінің халықаралық фестивалі өтеді, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Қазақстанның халық әртісі, ұлы композитордың шығармашылығын кеңінен танытуға бағытталған мәдени шара еліміздің және шетелдік өнер иелерінің басын қоса отырып, дарынды жастарды қолдауға арналған алаң болмақ.
Фестивальдің мақсаты – мәдениетаралық және конфессияаралық ынтымақтастықты нығайту, түрлі елдерден келген қатысушылар арасында тәжірибе алмасу үшін қолайлы орта қалыптастыру. Іс-шараны Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі қолдауымен Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымы ұйымдастырады.
Фестиваль қатысушыларының қатарында Әзербайжан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Ильхам Назаров, Қырғыз Республикасының еңбек сіңірген әртісі Айзирек Момунова, Алишер Навои атындағы мемлекеттік академиялық Үлкен опера және балет театрының солисі Носир Юсупов, Әзербайжан мемлекеттік академиялық опера және балет театрының солисі Аташ Гараев, сондай-ақ Т. Шевченко атындағы Украина ұлттық опера және балет театрының солисі Ксения Бахритдинова-Кравчук және Абай атындағы Қазақ ұлттық академиялық опера және балет театрының жетекші солисі Тайыр Тәжі бар. Көрермен тек жеке орындаулар ғана емес, Қазақконцерттің Astana Musical театры, G-band, «Астана сазы» қазақ мемлекеттік фольклорлық ансамблі және Қазақ мемлекеттік симфониялық оркестрімен бірге ұтымды коллаборацияларды тамашалай алады.
Концерттік бағдарламада қазақ руханиятының ажырамас бөлігіне айналған қазақ вальсінің королі, ұлы композитор Шәмші Қалдаяқовтың мәңгі өлмес туындылары шырқалады. Жаңа өңдеулер мен талантты музыканттардың шеберлігі арқылы сазгердің ұлттық болмысымызды айшықтайтын, жаныңызға жақын шығармалары жаңа бояулармен әрленіп, тыңдармандарға ерекше қырынан танылмақ.