Елордада «Опералия» халықаралық фестивалінің ашылу салтанаты өтті
ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен «Астана Опера» сахнасында «Опералия» халықаралық фестивалінің салтанатты ашылуы өтті, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Фестивальдің салтанатты ашылуында «Астана Опера» директоры Ғалым Ахмедьяров оныншы мерейтойлық маусымды атақты фестивальмен қорытындылау – театр ұжымы үшін үлкен мәртебе екенін мәлімдеді.
Фестиваль өтетін күндері көрермендерімізді танымал тұлғалардың қатысуымен опералық және балеттік спектакльдер калейдоскопы, әйгілі композиторлардың ұлттық және шетелдік туындылары енген ауқымды концерттік бағдарламалар, сондай-ақ «Құрманғазы» операсынан симфониялық сюитаның премьерасы қойылады. Халықты рухани дүниемен сусындатқымыз келеді. Себебі адамға әлемді басқа жағынан көрсете алатын күш тек өнерде ғана бар. Сондықтан бірқатар қайырымдылық акциялар өткізілмек. Мысалға спектакльдерге аз қамтылған отбасыларды, зейнеткерлерді, балалар үйлерінің тәрбиеленушілерін және халықтың басқа да әлеуметтік осал топтарын шақырды жөн көрдік, – деді Ғалым Ахмедьяров.
Салтанатты шара басталмай тұрып, театр фойесінде театрландырылған қойылым қойылып, жұлдыздар шеруі өтті. Фестивальдің ашылуына келген қонақтар қызыл кілеммен жүріп өткен опера және балет сахнасының жұлдыздары, атақты режиссерлер, дирижерлер, әлемдік балет жұлдызы Алтынай Асылмұратова, танымал халықаралық коуч Алла Симонишвили, италиялық суретші Манана Гуния мен басқа да шығармашылық қауым өкілдерімен көрісіп қана қоймай, тілдесіп, пікірлесуге мүмкіндік туды.
Астана опера труппасының директоры Азамат Жылтыркөзовтің айтуынша, «Опералия-2023» Халықаралық фестивалінің бағдарламасын мазмұнды етіп, бір айдың әр күнінеде түрлі қойылым ұсынылмақ.
"Опералия" фестивалі мен «Астана Операның» X мерейтойлық маусымының жабылуы 16 шілдеде өтеді. Сол күні музыкантар симфониялық концертті ұсынады. Дирижер тұғырында Алан Бөрібаев өнер көрсетеді. Сондай-ақ бұл концертке әлемге әйгілі виолончельші Цзин Джао шақырылды. Бірінші бөлім бағдарламасында біз Ахмет Жұбанов пен Ғазиза Жұбанованың «Құрманғазы» операсынан симфониялық сюитаның премьерасын орындаймыз. Және де Антонин Дворжактың Оркестр мен виолончельге арналған концерті өтеді. Екінші бөлімде Гюстав Малердің «Титан» №1 симфониясы орындалады, – деп Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері 29-30 маусымда Дж.Россинидің «Алжирдегі италиялық қыз» операсының премьерасы өтетінін айтты.
Бұл спектакльді театрдың және Astana Opera академиясының солистері дайындауда. Оның қоюшы дирижері Р.Баймурзин, қоюшы режиссері - Е.Тойкенов. Әртістермен вокал бойынша шақырылған коуч – Алла Симонишвили жұмыс істеді.
Мерейтойлық маусымда тағы бір айтулы оқиға: Astana Opera Халықаралық опера академиясының алғашқы түлектері қанат қағады. Олар академияда екі жыл білім алды. Осынау аз ғана уақыт ішінде жас әртістер үлкен нәтиже көрсетіп, беделді байқаулардың лауреаттары атанды, – деген жақсы жаңалықтарымен «Астана Опера» директоры Ғалым Ахмедьяров бөлісті.
«Астана Опера» мен «Астана Балет» секілді бірден екі шығармашылық ұжым заманымыздың біртуар хореографы Иржи Килианның бір актілі спектакльдерінің үштігін ұсынды. Бірінші бөлімді «Жолдан тайғандар» балеті ашса, екінші бөлімде елорда тұрғындары мен қонақтарының назарына «Алты би» мен «Кіші өлім» ұсынылды. Бұл екі спектакль де «Астана Опера» репертуарындағы жаңа балеттер.