RUB (+0.03) 7.96 KZT
USD (-1.36) 476.62 KZT
EUR (-3.40) 485.53 KZT
Мәдениет
266

Елордада осы аптада түрлі мәдени іс-шаралар өтпек

 Елордада осы аптада қала тұрғындарының бос уақытын тиімді өткізу үшін бірқатар ойын-сауық және танымдық мәдени іс-шаралар өткізу жоспарланып отыр. Елорда тұрғындары мен қонақтары үшін спектакльдер, көрмелер, концерттер және т.б. ұйымдастырылады, деп хабарлайды Нұр-Сұлтан әкімдігінің ресми сайты. 

8 маусым күні сағат 19:00-де «Астана Операдағы» К.Байсейітованың Камералық залында Мемлекеттік академиялық филармонияның «Sounds of world» камералық хорының ХІХ концерттік маусымының жабылуы өтеді. Сол күні әртістер «Еркін елім» концертімен өнер көрсетеді. 
10 маусым күні сағат 19:00-де филармония ҚР еңбек сіңірген қайраткері, ақын, композитор Сланқожа Қарақыстықтың «Біз Отанның сарбазымыз» атты музыкалық-әдеби шығармашылық кешіне шақырады.

 6 маусым күні сағат 19:30-да «Жастар» сарайында «Ұтыс ойыны» комедиялық спектаклін көруге болады. Сол күннің ертеңінде сағат 11:00-де мұнда М. Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театры әртістерінің орындауындағы «Коза-Дереза» ертегісі көрсетіледі. 
7 маусым күні сағат 13:00-де және 18:00-де қала тұрғындары үшін концерттік бағдарлама ұйымдастырылады. 
10 маусым күні сағат 19:30-да елордалық жағалаудағы Амфитеатрда «Астана» эстрадалық-симфониялық оркестрінің концерті өтеді. 

«Жастар» театры осы аптада үш қойылым қоюды жоспарлап отыр. 

8 маусым күні сағат 19:00-де көрермендер С.Жүнісовтің «Тырау-тырау, тырналар» драмасын, ал 9 және 10 маусым күндері С.Астраханцевтің «Достық пен қулық» ертегісін, 11 маусымда Б.Соқпақбаевтың «Көзіме бір көрінсең, бала ғашық...» сахналық повесін тамашалауға болады.

 М. Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театрының әртістері 9 және 11 маусымда А.Болдиновтың «Приключения Аистенка» ертегісін сахналайды. 11 шілдеде кешке горькийлықтар Н.Гогольдің «Неке» комедиясын ұсынады. 

Елордалық қуыршақ театры 10 маусым күні сағат 16:00-де, 11 және 12 маусым күні сағат 12:00-де, 14:00-де және 16:00-де балаларды А.Салаеваның «Это я нарисовал» атты балетке шақырады. 

Музыкалық жас көрермен театры 9 маусым күні сағат 19:00-де «Махаббат-жүрек» музыкалық-поэтикалық спектаклін көрсетеді. Ал 10 маусымда сағат 19:00-де «Шәмші» мюзиклін көруге болады. 11 және 12 маусымда сағат 19:00-де жастар «Зообақ» психологиялық қойылымының тұсаукесеріне шақырылады. 

«Наз» мемлекеттік би театры 9 маусым күні сағат 19:00-де «Мың бір түннің бір түні» хореографиялық қойылымын көрсетеді.

 Орталықтандырылған кітапхана жүйесі барлық жастағы азаматтарды танымдық уақытпен қамтамасыз ету жұмыстарын жалғастыруда. 8 маусым күні сағат 12:00-де №4 көпшілік кітапханасы «Мен өмірдің гүлімін» ойын бағдарламасын ұйымдастырады, сол күні №5 балалар кітапханасында «Жазды бекер өткізбе – кітапханаға кел!» анимациялық фильмін көрсетеді. 9 маусым күні №2 балалар кітапханасында «Менің сүйікті кітаптарым» оқырман бенефисі өтеді. Түстен кейін № 5 балалар кітапханасы «Бірге оқимыз» мәнерлеп оқу клубына шақырады. 7 және 11 маусым күндері №15 бұқаралық кітапханада арт-терапия, шахмат, ағылшын тілі, тоғызқұмалақ бойынша клубтар мен үйірмелер жұмыс істейді. 

8 маусымда «АЛЖИР» мемориалды-мұражай кешені «Сенім» дәрісін, сол сияқты 12 маусымда «Тарихымыздың суық жылдары» дәрісін ұйымдастырады. 8 маусымға дейін Сәкен Сейфуллин музейінде еліміздің мемлекеттік рәміздерінің 30 жылдығына арналған «Рәміздер – тәуелсіздік белгісі» фотокөрмесі өткізіледі.