Анкарада Ұлттық валюта күніне арналған қазақстандық монеталар көрмесі өтті
Анкарада Қазақстанның Ұлттық валюта күніне орай еліміздің тарихи және айналымдағы монеталарына арналған көрме өтті, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Іс-шараны «Көк Ту» қазақ мәдениеті ұйымы мен Қазақстан Республикасының Түркиядағы елшілігі бірлесіп ұйымдастырды.
Көрмеге Түркия монета сарайының бөлім басшысы Яшар Чукур, Әділет және даму партиясының өкілі Жемиле Кынаджы Баран, түрік коллекционерлері, қазақ диаспорасының өкілдері және студенттер қатысты.
Сарапшылардың айтуынша, Қазақстан мен Түркияның ақша жасау технологиялары мен монета дизайны өзара ұқсас.
Ал түрік саясаткері Жемиле Кынаджы Баран түркі халықтарының ортақ тарихи мұрасына тоқталып, «теңге» атауының шығу тегіне ерекше назар аударды.
Көрменің мақсаты – қазақстандық ұлттық валютаның тарихы мен мәдени маңызын таныстыру, сондай-ақ Түркия мен Қазақстан арасындағы мәдени және экономикалық байланыстарды нығайту болды.







