11 жастағы баланы ұрып-соғып, аузына шикі балық тыққан: Анасы бір айға созылған қорлықты айтып, дабыл қақты
Алматыда 11 жастағы баланың анасы ауладағы жасөспірімдер ұлын бір айдан астам уақыт қорлап келгенін айтып, дабыл қақты. Оның сөзінше, 13–14 жастағы балалар ұлын ұрып-соғып, тіпті аузы мен құлағына шикі балық тыққан, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.
Әйел полицияға арыз түсіргенімен, бірнеше күн бойы жауап ала алмағанын мәлімдеді.Оқиға туралы баланың анасы Threads желісіндегі erke.sugaring парақшасында жазды. Оның айтуынша, бір топ жасөспірім ауладағы кішкентай балаларды бір айдан астам уақыт қорқытып келген. Олар 11 жастағы ұлын ішінен және бүйрек тұсынан ұрып, бейәдеп сөздермен балағаттаған.
Әйелдің сөзінше, жасөспірімдер Сайран көлінен аулаған шикі балықты баласының аузы мен құлағына тыққан. Мұның бәрі өзге балалардың көзінше болған. Бұдан бөлек, олар кішкентайларды бір-бірімен төбелесуге мәжбүрлеген.
"Менің ұлым 11 жаста. Өз үйінің ауласында баламның қандай қорлық көргенін елестетіп көріңіздерші. Бұл бір күнде болған жағдай емес. Бүкіл аула қорқынышпен өмір сүрді", – деп жазды анасы.
Әйел болған жағдайдан кейін полиция шақырып, арыз түсірген. Өзге балалардың ата-аналары да құқық қорғау органдарына жүгінген. Алайда анасының айтуынша, арада үш күн өтсе де, ешкім хабарласпаған. Ол арызының қалай қаралып жатқанын білу үшін инспекторды өзі іздеуге мәжбүр болғанын айтады.
Баласының басынан өткен жағдайды көпшілікке жариялаған анасы Алматы қаласы Полиция департаментінің басшылығына да үндеу жолдады. Ол жасөспірімдердің әрекеті назардан тыс қалмай, баласының және ауладағы басқа балалардың қауіпсіздігі қамтамасыз етілгенін қалайды.
"Мен кек алуды көздемеймін. Балам мен өзге балалардың қауіпсіз болғанын, әділдік орнағанын қалаймын. Бұл жағдайдың жабулы қазан күйінде қалғанына жол бермеймін", – деп жазды әйел.
Ананың жазбасы желіде талқыға түсті. Пікір қалдырған ата-аналардың арасында өз балаларының да аулада қысым көргенін айтқандар бар. Кейбірі мұндай жағдайда жасөспірімдердің ата-аналарымен сөйлесудің өзі нәтиже бермейтінін жеткізген.
"Менің үш ұлым бар. Үлкенім басынан қандай жағдай өткенін енді ғана айта бастады. Ал кенжем аулада үнемі буллингке тап болады. Топтасқан балалар кішкентайларды қорқытып, өздерін күшті етіп көрсеткісі келеді", – деп жазды желі қолданушыларының бірі.
Полиция мен әкімдік қандай шара қабылдады?
Алматы қаласының Полиция департаменті әлеуметтік желіде жарияланған шағым бойынша тексеру жүргізгенін хабарлады. Тәртіп сақшылары оқиғаға қатысқан жасөспірімдерді анықтап, олармен профилактикалық әңгіме өткізген.
Ал Алмалы ауданы әкімдігінің мәліметінше, 15 қазанда кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия оқиғаға байланысты көшпелі отырыс өткізген. Оған білім беру ұйымдарының өкілдері қатысып, жасөспірімдермен және олардың ата-аналарымен түсіндіру жұмыстары жүргізілген.
"Алматы қаласындағы тиісті білім беру ұйымдарының әкімшіліктеріне кәмелетке толмағандарға педагогикалық және психологиялық қолдау көрсету тапсырылды. Сондай-ақ олардың мінез-құлқы мен психологиялық жағдайын ескере отырып, жеке профилактикалық жұмыс жүргізу міндеттелді", – деп хабарлады әкімдік.
Бұдан бөлек, жасөспірімдердің ата-аналарына балаларының тәртібін, бос уақытын және кімдермен араласатынын бақылау міндеттелген. Ал мектептерде "Стоп буллинг" бағдарламасы аясында оқушылар арасындағы әлімжеттіктің алдын алуға бағытталған шаралар ұйымдастырылмақ.
Әкімдіктің мәліметінше, оқиғаға қатысқан жасөспірімдердің заңды өкілдері Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 127-бабының 1-бөлігі бойынша жауапқа тартылған. Бұл бап ата-аналардың немесе өзге де заңды өкілдердің балаларды тәрбиелеу, оқыту, олардың құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі міндеттерін орындамауына қатысты жаза болып саналады.
Әзірге ата-аналарға нақты қандай әкімшілік жаза қолданылғаны хабарланған жоқ. Ал Алмалы ауданы әкімдігі жағдайдың құзырлы органдардың бақылауында екенін мәлімдеді.
Қаз
Рус






