Қызылорда мен Ақтөбе облысы аралығын жалғайтын жол құрылысы биыл басталады

1 505

Фото: Сыр бойы«Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық дәлізінің Қызылорда мен Ақтөбе облысы аралығын жалғайтын жол құрылысы биыл басталады, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.


Халықаралық автодәлізбен тәулігіне арлы-берлі 10 мыңға жуық көлік жүріп жатыр. Бұл жол талап бойынша кемінде 4 жолақты болуы тиіс еді. Осының салдарынан тар жолда тайғақ кешкен тағдырлар аз емес. Мезгіл мәселесі мәжіліс мінберінде бірнеше мәрте көтерілді. Жұртшылықтың жанайқайынан президент те қағыс қалған жоқ. Жуырда өңірге келген жұмыс сапары барысында жауапты тұлғаларға түйіткілді тез арада шешуді тапсырған болатын. Қазір ауқымды жобаның құжаттама жұмыстары жүргізілуде.


Бүгінде «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» дейтін автобанның республикалық маңызы бола тұра, тым тар салынғаны көп қисынсыз тіршіліктің бетін ашып тұрғандай…


Мәселе жетті, пәрмен берілді

Жолаушы қозғалысына қиын тиген жолды жергілікті жұрт бірталай жыл жырлады. Қызылорда қаласынан басталатын Ақтөбе облысының шекарасына дейінгі жолдың жағдайы келіспеді. Рас, тақтайдай тегіс. Жыл сайын күтімі де бар. Әттең-айы, екі жолақты. Тап-тар. Оның үстіне неше түрлі жүк көлігі көбейді. Бір-бірінен басып озам деп қарманған көп жүргізуші қарама-қарсы көлікке не малға соғылып, сіз бен бізге белгілі жағдайға ұшырайды. Солай жүргенімізде…


Өткен жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Сыр еліне сапары кезінде облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев «Қорқыт ата» әуежайының жаңа жолаушылар терминалының құрылысымен таныстырған еді. Сапар барысында аймақ басшысы инфрақұрылымға қатысты жаңа өзгерістерді Президентке баяндады. Атқарылып жатқан, мысалы, әуежай құрылысынан бөлек, жаңа автовокзалдың жыл соңында аяқталатынын, жылу-электр станциясы жобасын тілге тиек етті.


Облыс әкімінің сөзінше, ел-жұрт жиі көтеретін күрмеулі жайдың бірі – «Қызылорда-Жезқазған» жолы болса, енді бірі – біздің аймақты кесіп өтетін «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» көлік дәлізінің басты мәселесі. Ол  Ақтөбе облысына дейінгі жолдың екі жолақты етіп салынуы болатын.



"Өзіңіздің қолдауыңызбен былтырдан бері «Қызылорда-Жезқазған» жолының құрылысы басталды. Екі облыс арасы 424 шақырым. Ал оның ішінде Қызылорда аумағындағы автомобиль жолының ұзындығы – 216 шақырым. Қазір шекараға дейінгі жол құрылыстарының 30 пайызы аяқталып, жыл соңына дейін 104 шақырымды бітіру көзделген. Екінші мәселе – Қызылорда қаласынан Ақтөбе облысының шекарасына дейінгі «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автожолының 566 шақырымын І санатты 4 жолақтыға ауыстыру. Биылғы Жолдауда берген тапсырмаңызға орай, Көлік министрлігі бұл мәселе бойынша 566 шақырым жолды қайта жаңғырту, яғни, төрт жолақтыға ауыстыру жұмыстарына жоба-сметалық құжаттары келесі жылдан бастап әзірленетінін жеткізді. Бұл республикалық маңыздағы екі жолды қайта жаңғырту тек біздің аймаққа ғана емес, көрші облыстардың әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсер бермек", – деген еді өз сөзінде Нұрлыбек Машбекұлы.


Дәл осы кездесуде Президент те жолдың тым тар екенін айтып, барынша назарда ұстауды Премьер-министрдің орынбасары Роман Склярға нықтап тапсырды. Сырбойылықтар бұл жаңалыққа қатты қуанды.


Қош, біздегі мәлімет бойынша бұл жолдың жобалық құны 1 трлн теңгеден асады. Бүгінде Қызылорда қаласынан Ақтөбе облысына дейінгі аралықта жеңіл және ауыр жүк көліктерінің саны артқан. Тәулігіне 10 мыңнан көп. Бұрын бір күнде 5-6 мың машинадан аспаса керек.

Өкінішке қарай, тар жолдағы апатты жағдайлардың көрсеткіші жанға батады. Бір ғана мысал, 2016 жылы дәл осы жолда 56 жол-көлік оқиғасы тіркелсе, 2019 жылы 71, ал 2022 жылы  99 апат болған.


Ұлытау облысымен шектесетін «Қызылорда-Жезқазған» жолының өңірге тиесілі 216 шақырымына 6 лот бойынша конкурс жарияланса, бесеуінің мердігері белгілі болды. Төртеуін қытайлық компания, қалған бір лотты ұтқан жергілікті жол салушы мердігер – «Қыран» ЖШС. Еуропалық қайта құру және даму банкі арқылы қаржыландырылады, тапсырыс беруші – «ҚазАвтоЖол» ҰК» акционерлік қоғамы.


"Қазір «Қызылорда-Жезқазған» бағытындағы автожолдың облысқа қарасты 204 шақырымы қайта жаңғыртудан өтуде. Былтыр маусым айынан бері Мемлекет басшысының тапсырмасымен басталған жол құрылысы 2022-2025 жылдар аралығын қамтитын болады. Құрылыс аяқталса, жол жүру уақыты да қысқаратыны белгілі. Мысалы, қазір Астанаға 20 сағаттан астам уақытта барсақ, жаңа жолмен 11 сағатта жетуге болады. Көлік саны артып, жолаушылар тасымалы да қалыпқа түседі. Айта кетейік, аймақ шекарасына кіретін жолдың сапалы салынуы әрі уақытылы жүріп, өз мерзімінде бітуі облыс әкімінің тікелей назарында", – дейді облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Жәнібек Сыздықов.


Қазір құрылысы қарқын алған жолда ауыр техникалар әрлі-берлі жүруде. Әр жерге шетелдік асфальт өндіретін зауыт орналастырылған. Сондай-ақ, құрылыс заттарының барлығы – жергілікті өнім. Жаңақорған ауданындағы «Шалқия» кен орнынан тасылуда.


Халыққа ең қажеті де – осы

Жол құрылысы саласының ардагері, ҚР Құрметті жолшысы Оспан Сарекеұлымен сөйлескенімізде, «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» жолының бұл аралығының әуелгі жобасы 4 жолақты болған. Қаржы үнемдеу мақсатымен екі жолақтыға қысқарыпты. Сол уақытта біздің кейіпкеріміз осы салада қызмет атқарған.



"Бұл – жақсы жаңалық. Ел көптен күткен қуаныш. Халыққа қажеті де осы еді. Келесі жылдан бастап жұмысты мықтап қолға алса, облыс орталығы мен Ақтөбе облысына дейінгі шекарада көптеген құрылыс жүреді. Кем дегенде 3-4 жыл. Жергілікті халыққа жұмыс көзі табылатыны анық. Екіншіден, бүгінгі екі жолақтың жағдайын халық көріп отыр ғой. Кейде өзім де жолға шыққанда байқаймын, үлкен жүк көліктері колонна күйінде тіркесе жүріп, арасына машина кіргізбейді. Оны басып озам деген кейбір жеңіл көлік қарама-қарсы жүйткіп келе жатқанға бетпе-бет соғысады. Өзің ойлашы… Ана жағдайдан соң адам тірі қала ма? Ал осы автобанның бойындағы елді мекендердің малын қағып кету оқиғаларын мен айтпай-ақ білесің. Мал бақпа деп, ауыл халқын тағы тыя алмайсың. Мұның барлығы сол үлкен автобанның екі жолақты болып салынуында", – дейді Оспан Сарекеұлы.


Қорыта айтсақ, республикадағы 96 мың шақырым автожолдың ішінде біздің Қызылордаға тиістісі 3420 шақырымға жуық. Оның ішінде республикалық 1014,5, облыстық 555 және аудандық маңыздағы жол ұзындығы 1849 шақырымды құрайды. Облыс жолдарының былтырғы индикаторлық көрсеткіші 82 пайыз. Биылғы меже – 87,5 пайыз. Қазір жол құрылысы қарқынды жүруде. Жыл басында жол инфрақұрылымына қатысты республикалық және облыстық бюджеттен барлығы 36 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінген. Бұл – былтырғыға қарағанда екі есе көп сома. Бұған ұзындығы 569 шақырым автожол, көшелер және көпірлер жөнделуде.


Бір сөзбен айтқанда, жол инфрақұрылымы – өте маңызды әрі күрделі сала. Кез келген мемлекеттің даму деңгейі жол сапасымен бағаланады. Ал облыс бойынша биыл жолға бөлінген қаржы мол. Қарымтасы қалай боларын алдағы уақыт көрсетеді. Президент тапсырмасымен құрылған «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» республика аумағында салынып жатқан немесе жөнделіп, жаңартудан өткен автожолдардың сапасын сараптап-ақ берер. Аталған жолдардың әр қадамы адалдықпен төселсе, бұқара да базына айтпас дейміз.