Жаңа жылдан бастап мұғалімдер мүлкін көрсетуге міндеттелмек

1 541
Заңнамаға сәйкес 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері салық органдарына табысы мен мүлкі жайлы декларация ұсынуға міндетті, деп хабарлайды, Opennews.kz ақпарат агенттігі.


Қазақстанда 2025 жылға дейін жалпыға бірдей декларациялау өтеді. Жеке тұлғалардың кірістері мен мүлкін декларациялау 4 кезеңге бөлінген. Заңнамаға сәйкес 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері салық органдарына табысы мен мүлкі жайлы декларация ұсынуға міндетті.


Қазақстанда жалпыға бірдей декларацияның екі түрі бар. Алғашқысы – 250.00 нұсқасы. Мұны бір рет қана тапсырады. Одан кейінгі жылдары 270.00 нұсқасын тапсыруы керек. Мұны "Азаматтың мүлкі мен табысы" туралы декларация деп атайды. 

Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің ресми өкілі Айнұр Сартаева Салық заңнамасына сәйкес декларацияның 4 кезеңге бөлінгенін атап өтті. Алғашқы кезеңде, яғни 2021 жылдан бастап мемлекеттік қызметшілер мен оларға теңестірілген азаматтар және олардың жұбайлары декларация тапсырған. 

Екінші кезең, 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап мемлекеттік мекеме қызметкерлері, соның ішінде білім беру және денсаулық сақтау, мәдениет пен спорт және өзге салаларда, квазимемлекеттік ұйымдарда жұмыс істейтін азаматтар мен олардың жұбайлары тапсырады. 2024 жылдан декларациялаудың үшінші кезеңі басталады. Бұл кезде заңды тұлғалардың басшылары мен құрылтайшылары, жеке кәсіпкерлік басшылары, олардың жұбайлары тапсыру керек. Ал 2025 жылдан бастап өзге санаттағы азаматтар декларация тапсырады, – деді ол. 


2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап студенттер, зейнеткерлер мен жұмысы жоқ азаматтар, Қазақстан аумағында активтері бар шетелдіктер декларация тапсырады екен. Айта кетері, төртінші кезеңде атында мүлкі бар кәмелетке толмаған азаматтар да декларация тапсыруға міндетті. 

Мемлекеттік қызметкерлер бұған дейін де жыл сайын декларация тапсырып келген. Сондықтан жалпыға бірдей декларациялауды мемқызметкерлерден бастау туралы шешім қабылданды. Осылайша кезең-кезең бойынша халықты декларация тапсыруға үйрету басты міндет болып отыр, – деп қосты Айнұр Сартаева.