Oxford Qazaq Dictionary сөздігінің таныстырылымы өтті

2 509

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде тұңғыш рет қазақ-ағылшын, ағылшын-қазақ тіліне аударылған Oxford Qazaq Dictionary сөздігінің таныстырылымы өтті, деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.


Жиынға ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Дархан Ахмед-Заки, Ахмет Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының директоры Анар Фазылжан, Freedom Holding Corp. негізін қалаушы Тимур Турлов, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлы қатысты.


60 мың сөзді қамтыған, жалпы көлемі 1300 беттік қазақша-ағылшынша және ағылшынша-қазақша OXFORD сөздігінің тұңғыш басылымын Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы дайындады.


Әлемге танымал Oxford University Press баспасы екітілді Oxford Qazaq Dictionary сөздігін шығаруға ресми рұқсатын берді. Сөздікті жетілдіруге Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының мамандары қатысып, сөздік институт ғылыми кеңесінің сараптамасынан өтті. Сөздікті әзірлеуде дүние жүзіне танымал Oxford English Dictionary сөздігін құрастыру әдістемесі мен технологиясы негізге алынды. Сөздік құрастыру жұмысы төрт жыл үздіксіз жүріп, оған қазақ және ағылшын тілінің лексикасына маманданған 50-ден аса тәжірибелі тілші атсалысты. Сөздік құрастыру аясында қазақ және ағылшын тілі лексикасындағы өзгерістер, әсіресе, қазіргі мәдениет, ақпараттық технологиялар, медицина, экономика, қаржы мен сауда саласындағы жаңалықтар ескерілді. Сондай-ақ сөздікте ағылшын және қазақ тілдерінің грамматикасы мен дыбыстау, емле ережелері түсіндірілетін қысқаша нұсқаулықтар, қазақ тіліндегі іскерлік және электронды хат-хабар жазу үлгілері берілді.