Мұғалім адам емес пе? Желідегі дауға министр пікір білдірді

2 500

Фото: Opennews.kz ЖИОқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова ата-аналар чатындағы қарым-қатынас пен мұғалімдердің жұмыс уақытынан кейін ата-аналармен байланысына қатысты ұстанымын түсіндірді, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.
Министрлік ата-аналар мен мұғалімдердің қарым-қатынасына шамадан тыс шектеу қоюды мақсат етпейтінін айтты. Керісінше, отбасы мен мектеп арасындағы тұрақты әрі сындарлы байланыстың маңызын түсінетінін атап өтті. Алайда кез келген қарым-қатынас белгілі бір тәртіп пен өзара құрметке негізделуі тиіс.

Өзімізді мұғалімнің орнына қойып көрейік. Орта есеппен педагог жұмыс күні ішінде алты сабақ өткізеді. Ол бірнеше сыныпта сабақ беріп, күн сайын жүздеген баламен жұмыс істейді. Әр сабақта мұғалім барынша жинақы болуы керек. Ол жаңа тақырыпты түсіндіреді, тақтада жұмыс істейді, жазады, көрсетеді, сұрақтарға жауап береді, тапсырмалардың орындалуын бақылайды, сыныптағы тәртіпті қадағалайды, тақырыпты түсінбеген оқушыларға көмектеседі, – деді министр.

Оның айтуынша, мұғалім үнемі қозғалыста болады және көбіне сабақты тік тұрып өткізеді. Мұғалімнен әрдайым бар күш-жігерін салу талап етіледі.

Бір сабақ аяқталысымен келесі сабақ басталады. Жаңа сынып, жаңа оқушылар, жаңа сұрақтар және жаңа жауапкершілік күтіп тұрады.

Егер бір сыныпта орта есеппен 25 оқушы болса, алты сабақ ішінде мұғалім шамамен 150 баламен тікелей жұмыс істейді. Олардың әрқайсысын көріп, тыңдап, бағалау керек. Біреуге тақырыпты қайта түсіндіру, біреуге қолдау көрсету, енді біріне қосымша тапсырма беру қажет. Ал сабақтан кейін де мұғалімнің жұмыс күні аяқталмайды. Дәптерлер мен бақылау жұмыстарын тексеріп, келесі күнге дайындалуы керек, – деді Жұлдыз Сүлейменова.

Министр мұғалімнің де жұмыс уақыты мен жеке уақыты бар екенін ұмытпау керектігін айтты.

Егер мұғалімдеріміздің келесі күні балаларымыздың алдына қайтадан сергек, мұқият, сабырлы әрі кәсіби тұрғыда дайын болып шығуын қаласақ, оларға демалып, күш жинауға мүмкіндік беруіміз керек. Сондықтан ата-аналар чаттарына қатысты мәселе – қарым-қатынасқа тыйым салу емес. Бұл – қарапайым өзара құрмет мәселесі, – деді ол.

Жұлдыз Сүлейменованың айтуынша, балаға қатысты шынымен де шұғыл әрі маңызды мәселе туындаған жағдайда мұғалім әрдайым жауап беруге мүмкіндік табады.

Ата-аналарымыздың басым бөлігі бұл тәртіпті түсініп, қолдайтынына сенімдімін. Біз үшін қарым-қатынастың нақты ережелері мен ата-аналар чатындағы әділ тәртіпті белгілеу маңызды, – деп айтты министр.

OpenNews
ақпарат агенттігі
Заңды ақпарат

Басылым бетіндегі материалдарды пайдаланған жағдайда сілтеме жасалуы міндетті.

Ақпараттық өнім +18 жасқа толған және жасы одан жоғары адамдарға арналған.

Байланыс

Мәтінде қате таптыңыз ба?
Таңдап, оны белгілеп Ctrl + Enter басыңыз.

Әлеуметтік желілер

Copyright © 2010-2026. «OpenNews» - ақпарат агенттігі.