Оқушыларға арналған жасанды интеллект есептің дайын жауабын бермейді
Оқушыларға арналған жасанды интеллект оқу тапсырмаларының дайын жауабын бермей, оның орнына шешу жолын түсіндіріп, баланы жауапты өз бетінше табуға бағыттауы керек. Бұл туралы BIZDIÑ ORTA подкастында WONK білім беру AI-платформасының CEO-сы Ерсайын Бекболатов айтты, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.
Оның сөзінше, мұндай тәсіл бала жасанды интеллектіні өз бетінше жұмыс істеуден жалтарудың жолы емес, білім алуға көмектесетін құрал ретінде пайдалануы үшін арнайы енгізілген.
– Біз жүйені тіпті «2+2» деген сұраққа да дайын жауап бермейтіндей етіп жасадық. Бұл не үшін қажет? Жасанды интеллектімен дұрыс жұмыс істеу дағдысын қалыптастыру және баланың өз бетінше дамуына мүмкіндік беру үшін, – деді Ерсайын Бекболатов.
Оның айтуынша, жүйе оқушыға бірден нәтижені көрсетпейді. Алдымен тапсырманы орындау қағидатын түсіндіріп, шешімге бірге келуді ұсынады.
Осылайша жасанды интеллект оқу барысында көмекші рөл атқарады, ал оқушы материалды өзі түсініп, жауапты өз бетінше табуы қажет.
Сонымен қатар жасанды интеллект оқытуды әр оқушының білім деңгейіне қарай бейімдеуге мүмкіндік береді. Платформада нақты оқушының дайындығын ескере отырып тапсырмалар құрастыру қарастырылған. Білім деңгейі әртүрлі балаларға күрделілігі әртүрлі тапсырмалар беріледі.
Қаз
Рус






