Оқушылар әкімдік ғимаратында сабақ оқуға мәжбүр

1 519

Фото: informburo.kzЖамбыл облысы Мойынқұм ауданының Құшаман ауылында оқушылар апатты жағдайда деп танылған мектептің орнына әкімдік ғимаратында білім алып жүр,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі “Жетінші арнаға” сілтеме жасап.

Қазір 120-дан астам бала мемлекеттік қызметкерлермен бір ғимаратта сабақ оқиды. Атап айтсақ, бұл аталған мекемеде әкімдік, балабақша, кітапхана және полиция бөлімшесі орналасқан.

Мектеп директоры Нұржан Саденовтың айтуынша, оқу орны биыл наурыз айында апатты деп танылған. 

“Мамандар ғимаратты әрі қарай пайдалануға жарамсыз деп шешті. Сол себепті оқушылар мен мұғалімдерді әкімдік ғимаратына көшірдік. Қазір бар болғаны алты кабинетте екі ауысыммен сабақ өткіземіз,” – дейді ол.

Мұғалімдер кабинеттер тар, жарық жеткіліксіз, ал дене шынықтыру сабағы далада өтеді,-дейді.

“Дәретхана сыртта орналасқан. Ұлдар мен қыздарға арнап өз күшімізбен бөлек етіп салып алдық,” – дейді мұғалім Нүркен Жұманалы.

Ауылда жаңа мектеп салу жоспарланғанымен, құрылыс әлі басталған жоқ. Аудандық білім бөлімі басшысы Мәлік Мұқашовтың мәлімдеуінше, жобалық-сметалық құжаттама биыл 19 сәуірде дайындалып, облысқа жіберілген. “Жол картасына сәйкес, жаңа мектеп 2027 жылы пайдалануға беріледі. Ол 100 оқушыға арналған болады,” – деді ол.