Семейде оқушы туризм саласын жақсартуға арналған қосымша жасады
Семейде 11-сынып оқушысы қалалық инфрақұрылым мен туризмді жақсартуға көмектесетін AR-веб қосымшасын әзірледі, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Инновациялық жоба «Ақылды қала» бағдарламасы аясында жүзеге асып, шаһар инфрақұрылымының жобасын жасауға мүмкіндік береді. Жоба авторы пилоттық нұсқаны кешікпей қолданысқа енгізуді жоспарлап отыр. Нұрлыхан Маратов бұл жобаны екі айда дайындаған. AR технологиясына негізделген қосымша арқылы кез-келген жұмыстың 3D-моделін көруге болады. Яғни мобильді қосымшаны жүктеп, QR-кодты сканерлеу жеткілікті. Құрылысы жоспарлаған нысан белгіленген орында пайда болады.
Жоба жетекшісі Қазақстанның Еңбек Ері Алма Шүкежанова. Талай шәкірттің шеберлігін ұштаған ұстаз Нұрлыханды 9-сыныптан бері баулып келеді. Үш жылда шәкірті облыстық, республикалық және халықаралық сайыстардан жүлдемен оралды.
Дарынды оқушы AR-веб қосымшасын облыс тұрғындары үшін қолжетімді етуді көздейді. Осы арқылы халық қала құрылысына қатыса алады. Белгілі бір нысанның салынуына қатысты пікір қалдырып,тіпті дауыс береді.11-сынып оқушысы жобасын ары қарай дамыту үшін мемлекеттен қолдау алуды жоспарлап отыр.