Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай салынған Түркістан облысындағы су жаңа мектептің қабырғалары жарылып жатыр
Түркістан облысы Өндіріс ауылында су жаңа мектеп апатты жағдайда тұр. 200 орындық білім ошағының қабырғалары қирап, құлап жатыр, деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.
Өндіріс ауылындағы бұл мектептің кадрлерін ауыл тұрғындары түсірген. Көріп тұрғандарыңыздай ғимараттың қабырғасы қақ айрылып, бірнеше жерден жарылып кеткен. Ауыл халқының сөзінше, Ақпарақ мектебінің барлық бөлмесі осындай күйде екен.
200 орындық білім ұясы өткен жылы желтоқсан айында пайдалануға беріліпті. "Тәуелсіздіктің 30 жылдығына тарту ретінде берілген бұл мектептің лентасын аудан әкімінің өзі салтанатты түрде қиып кеткен" дейді тұрғындар. Алайда, содан бері мұнда бір күн де бала оқымаған көрінеді. Себебі, жап-жаңа мектептің ғимараты шәкірт қабылдап, білім беруге жарамсыз әрі мұнда кіру қауіпті.
Мектеп ресми түрде берілгеннен бері де қабырғалары бірнеше рет жарылыпты. Ал жауаптылар оны гипсокартонмен жамап, жауып қойған деп күйініп отыр тұрғындар.
Тапсырыс беруші облыстық құрылыс басқармасы нысанды былтыр қабылдап алған көрінеді. Басқарма маманының айтуынша, анықталған кемшіліктер түзетілген.
Ал аудандық білім бөлімінің басшысы ауыл балалары екінші тоқсаннан бастап осы мектепте оқитынын айтады.
Дегенмен, бөлім басшысы жертөледегі жырықтарды өз көзімен көргеннен кейін, құрылыс сапасына қайта сараптама жасатып, балаларды оқытуды кейінге қалдыруы мүмкін екенін атап өтті.
Алайда, елдімекен тұрғындары қашан болса да "балаларымызды мұнда оқытпаймыз" деп отыр. Себебі, ағын судың жолына салынған білім ошағы алғашқы қардан соң-ақ құлап, балаларымызды басып қала ма деп қорқады.