ҚЫЗЫЛОРДА ІШІНАРА ЦИФРЛЫҚ ЭФИРЛІК ТЕЛЕВИЗИЯҒА КӨШТІ

408

Фото: Облыс әкімдігіБүгін – Қызылорда облысында телерадио хабарларын таратуда жаңа өзгерістер енгізілетін тарихи сәт болды. Республика бойынша Ақмола, Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Абай және Қызылорда облыстарында аналогты телевизияны өшіре отырып, цифрлық эфирлік телевизияға көшу жұмыстары жүргізілді, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.

Шараға облыстық қоғамдық даму басқармасының бөлім басшысы Артур Раушанбекұлы, «Қазтелерадио» АҚ Қызылорда облыстық радио телехабар тарату дирекциясының директоры Тасболат Абдикаримұлы мен «Қазтелерадио» АҚ Қызылорда облыстық радио телехабар тарату дирекциясы сату орталығының басшысы Ұлықбек Иманбердіұлының қатысуымен көшпелі брифинг өтті. 


"Алғаш рет Қызылорда қаласы және оған жақын орналасқан 36 елді мекенді қамтыған Цифрлық эфирлік телевизия жүйесі Қызылорда радиотелевизиялық стансасында 2013 жылы іске қосылды. Ал, облыс көлемінде 16 РТС 2020 жылдың маусым айында пайдалануға берілді. Нәтижесінде облысымызды цифрлық теледидармен қамтуға 17 РТС қызмет көрсетуде. Бүгінде өңіріміздің 174 елді мекенінің 550 мыңнан астам тұрғыны, яғни 80%-ы аталған қызметпен қамтылды. Облыста барлығы 30 РТС жоспарланған. Келесі жылы оның 13-інің құрылысы басталады деп жоспарлануда", - деді «Қазтелерадио» АҚ Қызылорда облыстық радио телехабар тарату дирекциясының директоры Т.Абдикаримұлы.


Аналогты телевизияны өшіре отырып, ЦЭТВ-ға толық көшу процесі нақты алынған өңірдің дайындығына
 байланысты және халықты алдын ала хабардар ете отырып, Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі негізінде 2025 жылға дейін жүзеге асырылады.