Қазақстанда сүйекті қалпына келтіретін биоматериал жасалды
797
Отандық компаниялар тауардың алғашқы партиясын сатып алып үлгерген,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қазақстандық ғалымдар сүйектерді қалпына келтіруге арналған қолжетімді биоматериал-гидроксиапатит дайындап шығарды.
Жану проблемалары институтының ғалымдары жасап шығарған сүйекті алмастыратын материал шетелдік аналогтардан үш есе арзан. Отандық компаниялар тауардың алғашқы партиясын сатып алып үлгерген.
"Біз кристалдық құрылымы жақсы және өнімнің тазалығы жоғары – 95 процентке дейін сапалы материал алдық. Шетелдік компаниялар осындай жоғары сапалы өнімнің 1 грамын шамамен 32 мың теңгеге сатады. Ал біздің материалдың бағасы 1 грамы үшін 10 мың теңге", – дейді ғалым Зұлқайыр Мансұров.
Қазір кезде екі профессор - Мансұров пен Темірбаев минералды іс жүзінде қолдану жұмыстарын жалғастырып жатыр. Отандық гидроксиапатит сүйек ақауларын қалпына келтіруде, сүйек зақымдалған жараларда, сынықтарда, пластикалық хирургияда, яғни бет сүйектерінің пластикалық хирургиясында және тістерді имплантациялауда қолданылады.
"Гидроксиапатитпен қапталған имплантаттар кері реакция тудырмайды және сау сүйек тінімен белсенді түрде байланысып, регенерация мен оңалту процесін жеделдету қабілетіне ие екенін атап өткен жөн. Біздің отандық жоғары сапалы гидроксиопатит импорттық материалдарды оңай алмастыра алады", - деп Зұлқайыр Мансұров.