Қызылордада аз салмақпен дүниеге келген нәрестелерді күту үшін барлық жағдай жасалған

91

Бүгін Қызылорда облыстық перинаталдық орталығында «Балалар жылы» аясында, 17 қараша - шала туған нәрестелер күніне орай балалар арасында аурушаңдықты азайту мақсатында «Ашық есік күні» өтті,-деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.


Ашық есік күнінде тұрғындарға арнайы балалар невропатологы, бас миының НСГ (ультрадыбыстық зерттеу) дәрігері, балалар кардиологы, балалар окулисті және неонатолог дәрігерлер нәрестелерге тексеріс жүргізді.
Іс-шарада басқарма басшысы Сәбит Пазилов шала туған нәрестелерді дүниеге әкелген аналарды құттықтап, сыйлық үлестірді. Аналар өз тарапынан басқарма басшысына, ақ халатты абзал жандарға ерен еңбектері үшін алғысын білдірді..


Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәбит Пазилов және ана мен бала денсаулығын қорғау жөніндегі орынбасары Мира Мирзанова облыстық перинаталдық орталығындағы нәрестелер жансақтау және интенсивті терапия бөлімін аралап, "шалабайлардың" хал-жағдайымен танысты. Аталған бөлімше қызметкерлеріне басқарма басшысы сәттілік тілеп, атқарып жатқан толағай жұмыстарына өз алғысын білдірді.


Мемлекеттің негізгі міндеті – дені сау сәбилердің туылуына қолайлы және қауіпсіз жағдай жасау десек, облыста жүкті, босанушы, босанған аналар мен жаңа туған нәрестелерге барлық қолайлы жағдай жасалынған. Облыстық перинаталдық орталығында салмағы 2,5 келіге жетпей жылына 800-ге жуық сәбилер дүниеге келеді.


 Ең аз салмақпен дүниеге келген нәрестелерді күту үшін, қажетті жабдық, дәрі-дәрмекпен толықтай қамтылған. Медицина қызметкерлерінің  де, заманауи технологиялардың  да алар орны ерекше.  Дәрігерлер нәрестелерге ана құрсағындағыдай жағдай жасайды.  Бұдан кейін бүлдіршіндер нәрестелерді емдеп жетілдіру үшін нәрестелер патологиясы бөлімшесіне жіберіледі. Бөлімдерде шала балалардың бабы мен бағуын келістіретін мамандар қызмет атқарады. Олардың  еңбектері өте  зор. 

Дене салмағы бір жарым келіге жетпейтін шақалақтар кувезде, салмағы бұдан асатындары арнайы реанимациялық үстелде жатып, дәрігерлердің қатаң бақылауында болады. Заманауи медициналық  құрал-жабдықтар мен ерекше күтімнің, дұрыс емнің көмегімен ондай нәрестелердің 95 пайызы аман қалады. Бөлімшенің жабдықталуы тәулік бойы сәбидің дене температурасына мониторинг жүргізуге, сатурация жүргізуге, инфузорлардың көмегімен инфузиялық терапияны жүргізуге, кувез бен ОРС шала туған нәрестелерді күтуге, оттегінің ағынын реттеу мен оксигенотерапия жүргізуге, фототерапия жүргізуге мүмкіндік береді.