Көлгінов елордада коронавирусқа қарсы вакцинацияға жазылу басталғанын хабарлады

340
Елорда әкімі Алтай Көлгінов өзінің Instagram парақшасында қалада коронавирусқа қарсы вакцинацияға жазылу басталғанын мәлім етті. 

"Вакцинация - локдаундар мен карантиндік шектеулер болмаған кезге, яғни қалыпты өмірге оралуға мүмкіндік беретін жалғыз тиімді әдіс екенін ескере отырып, халық арасында вакцинацияны бастаймыз. 

Вакцинация адамдардың бір мезгілде көп жиналуын болдырмау және қала тұрғындары үшін неғұрлым қолайлы жағдай жасау үшін алдын ала жазылу арқылы жүргізіледі. Бұл вакциналарды медициналық
мекемелер арасында біркелкі бөлуге мүмкіндік береді", - дейді Алтай Көлгінов. 

Оның сөзінше, жасына байланысты шектеулер мен медициналық көрсеткіштерді ескере отырып, 600 мыңнан астам тұрғынға вакцина егу жоспарлануда. 

"Вакцинаны алғысы келетіндердің бәрі өтініш қалдыра алады. Емханаға тіркелу орны бойынша алдын ала жазылу керек. Денсаулық сақтау басқармасының сайтында алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарының байланыс нөмірлері, мекенжайлары көрсетілген тізім жарияланды. 

Екпе алуға жазылу Damumed мобильді қосымшасы арқылы да жүзеге асырылады. Қосымшада пациенттің жеке кабинеті арқылы учаскелік дәрігердің қабылдауына жазылу және ескертпеде коронавирусқа қарсы екпе алғысы келетінін көрсету жеткілікті.
 
Сондай-ақ денсаулық сақтау министрлігі жақында "электрондық үкімет" порталында вакцинациялауға еліміз бойынша орталықтандырылған өтінімдерді қабылдауды іске қосады. Онда "вакцинацияға жазылу" жеке қойындысы болады", - дейді елорда басшысы. 

Алтай Көлгінов апта соңына дейін медициналық мекемелер вакцинацияға ниет білдірушілерді тіркеп, екпе салуға кірісетінін атап өтті. 

Сонымен бірге қажет болған жағдайда екпе бірқатар сауда ойын-сауық орталықтары мен қонақ үйлерде салынатын болады.