«Дені сау ұлт»: Сырдария ауданында денсаулық сақтау саласы бойынша даму бар
112
Сырдария ауданында денсаулық сақтау саласы бойынша даму бар,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.
Аудан әкімдігінің мәліметінше, биылғы жылдың ІІІ тоқсанында «Бекітілген халық тіркелімі» бағдарламасы бойынша аудандық емханаға 35 мыңнан астам тұрғын тіркелген. Сонымен қатар қазіргі таңда аудандық ауруханадағы қажетті дәрі-дәрмектердің және жеке қорғаныш құралдарының қоры жеткілікті.
Денсаулық сақтау саласын дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған «Дені сау ұлт» мемлекеттік бағдарламасы аясында халық денсаулығын жақсарту жолында медициналық қызмет сапасын арттыру, халықты қолжетімді медицинамен қамтамасыз ету, профилактикалық медицинаны дамыту, ана мен бала денсаулығын қорғау, алғашқы медико-санитариялық көмекті жетілдіру, сондай-ақ аудандағы емдеу және алдын алу ұйымдарының материалдық-техникалық базаларын нығайту, нысаналы индикаторларға қол жеткізу бағытында бір шама іс-шаралар жүзеге асырылды.
Сырдария аудандық ауруханасына 35268 тұрғын емханаға қарасты «Бекітілген халық тіркелімі» бағдарламасына тіркелген. Ауданда ауысымына 250 адам қабылдайтын емхана, 10 дәрігерлік амбулатория, 2 фельдшерлік-акушерлік бекет, 1 медициналық бекет бар.
Аудандық аурухана құрамында балалар бөлімі, хирургия бөлімі, терапия бөлімі, жансақтау бөлімі, гинекология және перзентхана бөлімшесі, оңалту және қалпына келтіру, паллиативті көмек бөлімшесі, сонымен қатар жұқпалы аурулар бөлімшелері жұмыс істейді. Жалпы аурухана 110 төсек орынға арналған.
Қазіргі таңда кезекті электронды басқару жүйесін енгізу мақсатында электронды терминалдар іске косылып, тіркеу бөлімі жұмысын модернизацияланып, цифрлы пост құрылып, CALL-орталығы жұмыс жасауда. Бұл дәрігерлер кабинетіндегі кезекті азайтуға мүмкіндік береді. Пациенттердің дәрігерлерге алдын ала жазылуын енгізу пациенттің жеке уақытын жоспарлауға, олардың медициналық ұйымдарда өткізетін уақытын 1 сағаттан 15 минутқа дейін қысқартуға мүмкіндік береді.
Пациенттер электрондық жүйе арқылы дәрігерге жазылып, емханаға тіркеліп, қажетті консультация ала алады. Сонымен қатар, дәрігерлік қабылдауға телефон және интернет арқылы (egov электрондық үкімет порталы және «Дамумед» мобильді қосымшасы) жазылу мүмкіндігі туындады.
Ауданда коронавирустық инфекциясының эпидемиялогиялық ахуалына байланысты ковид жұқтырған науқастарға медициналық бақылауды ұйымдастыру үшін амбулаториялық деңгейде пациенттерді емдеуді бақылау және түзету бойынша 9 мобильді бригада құрылды. Дене қызуы көтеріліп келген барлық науқастарды арнайы емханада орналасқан «фильтр» бөлмесінде қабылданып, алгоритмге сәйкес жұмыстар жұмыстар жасалды. Фильтр кабинеті арқылы анализ алынып, облыстық вирусологиялық зертханаға тасымалданып отырады.
Айта кетейік, бүгін Сырдария аудандық ауруханасында өкпе, қуық асты безі, асқазан мен ұйқы безі қатерлі ісіктері, олардың даму қаупінің факторлары, ерте диагностикалау мақсатында «Ашық есік күні» болып өтті.
Ашық есік күнінде тұрғындарға арнайы жалпы тәжірибелі дәрігер, онколог, мамолог, дәрігерге дейінгі кабинет, әйелдер және ерлер карау кабинеті мамандары, сонымен қатар флюора және ультра дыбыстық зерттеулері арқылы тексерістер жүргізілді.
Мамандар тексеруге келген халықты қатерлі ісіктерді дер кезінде анықтау даму тарихы мен ерте диагностикалау, оны болдырмау және алдын алу туралы ақпараттандырды. Ультра дыбыстық зерттеулер арқылы анықталған күдікті ісік алды ауруларын тереңдетіп тексеріп, нақтылау мақсатында облысқа арнайы жолданды.