Сыр өңірінің жаңадан тағайындалған бас дәрігері жауапкершілікпен жұмысқа кірісті

1 508

Жуырда тағайындалған Қызылорда облысының бас дәрігері алғашқы апталық лездемеде сала мамандарына жауапкершілікпен жұмыс жасауды тапсырды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.



Бүгін облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәжіліс залында басқарма басшысы Искаков Олжас Ермекұлы медицина ұйымдары басшыларына жаңа жұмысы барысындағы алғашқы апталық лездеме отырысын өткізді. 


Кездесуге емдеу, алдын алу ұйымдарының басшылары қатысты. 


Жиында мүгедектікке шығару мәселелері, медицина ұйымдарының конго-қырым геморрагиялық қызбасына дайындық жұмыстары және пробация есебінде тұратын азаматтарға медициналық көмек көрсету барысы қаралды. 


Одан бөлек өзге де тақырыптар бойынша тарқатылып, медицина ұйымдарының басшылары тарапынан ұсыныстар айтылды. 


Жиын барысында аймақтың бас дәрігері Олжас Ермекұлы емдеу, алдын алу ұйымдарының басшыларына аталған мәселелерге сәйкес нақты тапсырмалар берумен қатар, алдағы уақыттағы қызметті асқан жауапкершілікпен атқаруды, ана мен бала денсаулығын жақсарту, жүкті аналарға ерекше күтім көрсетуді және халыққа сапалы әрі қолжетімді медициналық көмек көрсету жұмыстарын қатаң жүргізуді тапсырды. 


Қорытындыға сәйкес, аталған тапсырмалар хаттамаға енгізіліп, алдағы уақытта жүзеге асырылу бойынша шешім етілді. 


Еске салсақ, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің келісімі негізінде облыс әкімінің өкімімен аталған қызметке Искаков Олжас Ермекұлы тағайындалған болатын.


Олжас Искаков 1988 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген. С. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетін «Емдеу ісі», Қазтұтынуодағы Қарағанды университетін «Экономика саласындағы құқықтық реттеу» мамандықтары бойынша бітірген. Денсаулық сақтау саласындағы менеджмент магистрі. Бүгінгі күні Алматы менеджмент университетінде докторантура бойынша өз білімін жетілдіруде.


Еңбек жолын 2013 жылы № 3 қалалық емханада учаскелік дәрігер болып бастап, 2018 жылға дейін осы емханада бөлімше меңгерушісі, бас дәрігердің емдеу ісі жөніндегі орынбасары қызметтерін атқарған. 2018-2021 жылдар аралығында Қызылорда облысы денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы, басқарма басшысының орынбасары болып жұмыс істеді.


2021 жылдан осы кезге дейін Денсаулық сақтау министрлігі Ана мен бала денсаулығын сақтау департаментінің басқарма басшысы, департамент директорының орынбасары қызметтерін атқарып келді.