Сыр өңірінің дәрігерлері қышыма ауруын алдын алуда
Қызылорда облысында қышыма ауруы 14 жасқа дейінгі балалар арасында көп кездесуде, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Тұрғындар арасында қышыма ауруына шалдыққан азаматтар кездеседі. Жұқпалы тері ауруы адам денсаулығына елеулі зиянын тигізеді. Адамнан адамға жұғу қаупі жоғары дерттен қалай қорғануға болады?
Бұл жөнінде Қызылорда облысы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әлия Әбдіқайымова әңгімелеп берді.
- Қышыма қандай, ауру және ол қалай жұғады, сақтану жолдары қандай?
- Айта кетсек, ол жұқпалы тері ауруына жатады. Оның қоздырғышы - қышыма кенесі. Ол адамның терісіне еніп, сол жерге жұмыртқалай алатын микроскопиялық паразит. Одан ересек кенелер 10 күннен кейін пайда болады. Қышыма кенесінің дернәсілдері жоғары температураға өте сезімтал. Қайнатқан және ыстық үтікпен үтіктеген кезде бірден өледі. Инфекция науқас адаммен тығыз қарым-қатынаста болған кезде жұғады. Сондай-ақ, төсек-орын, киім, жеке гигиена құралдары (орамалдар, жуғыштар) арқылы жұқтырылады.
Инфекцияны жұқтыру себебі - киім мен жеке гигиена құралдарын ортақ пайдалану. Медициналық көмекке кеш жүгінуге байланысты инфекция отбасында одан әрі таралады. Тері бөртпелерінің пайда болуы көбінесе аллергиялық реакция ретінде бағаланады.
- Ауруға тән белгілерге тоқтала кетсеңіз...
- Мәселен, қолдың саусақ аралық қатпарларында, кеуде және іш терісінде, аяқтарда қышу мен бөртпелердің пайда болуы оның басты белгісі ретінде саналады. Қышыманың айрықша ерекшелігі - түнде адам денесінде қышынудың күшеюі.
Қышыманы жұқтырудың алдын алу үшін мынадай қарапайым жалпы гигиеналық қағидаларды орындау қажет. Аптасына кемінде бір-екі рет жуынып, тек жеке гигиена құралдарын пайдалану және басқа адамдармен жеке пайдаланатын заттарды айырбастамау қажет. Сондай-ақ, көшеден үйге оралған соң міндетті түрде қолды сабындап жуу, жаңа киім, төсек-орын және іш киім сатып алғаннан кейін оларды міндетті түрде жуып, ыстық үтікпен үтіктеген жөн. Орамал, төсек-орын және іш киімді жиі ыстық сумен жуу, міндетті түрде үтіктеп, үй жануарларымен байланыста болғаннан кейін қолды сабынмен мұқият жууды ұмытпаған абзал. Оған қоса қаңғыбас жануарлардан сақтану қажет. Атап айтқанда, мысықтар мен иттерді сатып алғанда, жануарда аурудың болмауы және саңырауқұлақ ауруларына қарсы вакциналау үшін ветеринармен кеңесу қажет. Шаштараздарға, спорт залдарына барғаннан кейін міндетті түрде душ қабылдау немесе моншаға баруды ұмытпаған жөн. Егер сізде қышыма белгілері немесе тері бөртпесі байқалса, дереу дерматовенерологқа хабарласыңыз. Бұл - ауруды дер кезінде диагностикалаудың және тиімді емдеудің кепілі.
- Аурудың пайда болу себептері қандай ?
- Қышыма негізінен кішкентай балаларда, әсіресе, олардың белгілі бір тамаққа әдеттегіден тыс сезімталдығынан болады. Сондай-ақ, дұрыс тамақтанбаудан, жұмыртқа, ет сорпасы, қант, жеміс-жидек, әсіресе, құлпынай, апельсин секілді кейбір тағамды мөлшерден тыс көп жегеннен, кейде сүт секілді тағамдарға аллергиядан болуы мүмкін. Қатты қасынғаннан бөртпелердің ішіне іріңді инфекция қоздырғышы түседі. Ол іріңді жара ауруларына ұласып кетуі мүмкін.
Ересек адамдарда қышыма асқазан-ішек жолдары қызметінің (ішек, бауыр), жүйке және эндокриндік жүйелердің бұзылуынан және созылмалы инфекция ошақтарына (тонзиллит, гайморит, т.б.) байланысты пайда болады. Ересектердегі бөртпе сипаты да балалардағыдай, кейде ол ұлғайып қатты қышитын, сұрғылт түсті бөртпеге айналады.
- Ауру жұқтырған науқастар тамақтанғанда қандай талаптарға назар аударғаны жөн?
- Күнделікті пайдаланатын тағам құрамында ащы тамақтарды, жұмыртқа, апельсин, лимон, қалбырланған және тәтті тағамдардың болмауы шарт. Таза ауада көп жүріп, денені таза ұстау керек. Қышынуды бәсеңдету үшін емен қабығы мен итошаған салған жылы ванна қабылдаған артық емес.
- Биыл Қызылорда облысында аталған ауру жұқтыру жағдайы қалай ?
- Алғашқы тоқсанның қорытындысы бойынша өңірде қышыма ауруының эпидемиологиялық ахуалы тұрақсыз болып қалыптасты. Жыл басынан бері қышыманың 21 дерегі тіркелді. Ол өткен жылдың дәл осы мерзімімен салыстырғанда 3 есеге артық. Олардың арасында 14 жасқа дейінгі балалар арасында қышымамен сырқаттанушылық көрсеткіші жоғары, барлық тіркелген аурудың 57%-ы солардың үлесіне тиеді.
Еске салсақ, бұдан бұрын Қызылорда облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің тағам нысандарын бақылау мен қадағалау бөлімінің басшысы Меруерт Битасова ҚазАқпарат тілшісіне тағам дайындауда қатаң талап сақталуы тиіс ескерілуі қажет сақтық шаралары жөнінде әңгімелеп берген еді.
«Рас, кейбір жағдайда тамақтан улану адам денсаулығына зақым келтіруі әбден мүмкін. Айта кетсек, ауру тасымалдағыш микроағзалар азық-түлік арқылы тез таралады. Сондықтан мейрамхана, кафе, асхананың кез келген қызметкері келушілерге зиян тигізбес үшін санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды толық орындауы тиіс.
Тағамнан уланудың топтық жағдайы негізінен тамақ дайындау технологиялық процесінің бұзылуынан туындайды. Ол тамақ қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы міндетті талаптардың сақталмауы салдарынан болады. Мұндай жағдайдың қаупін болдырмау және қауіп дәрежесін азайту үшін қарапайым, тиімді ережелерді сақтауды ұсынамыз.
Атап айтқанда, тағам сатып аларда қаптаманың тұтастығына, өндіру мерзіміне, жарамдылық және сақтау мерзіміне көңіл бөлген артық емес. Оны қаптамада көрсетілген өндіруші ұсынған мерзімге дейін сақтаңыз. Сондай-ақ, тағамды тек жаңа өнімдерден дайындаған дұрыс. Ал салатқа арналған көкөністерді кешкісін дайындап, салқындатып, тоңазытқышта сақтаңыз. Оны түрлі жиын немесе ауызашар басталуына 2 сағат қалғанда турап, ұсынар алдында барынша өсімдік майымен араластырған жөн болады», - деді ол.
Сұхбат жүргізген Әділжан Үмбет