Елордада сынамасы алынған науқастардың 56%-ында үнді штамы алдын ала расталды
Нұр-Сұлтан қаласында коронавирус жұқтырғандар санының күрт өсуіне байланысты қосымша тексеріс жүргізу мақсатында 54 науқастан сынама алынған. Алдын ала олардың 56 пайызында "үнді" штамы расталып ("Дельта" штамы) отыр.
Мамандардың айтуынша, мутацияның жаңа түрі аса жұқпалы және таралуы жылдам.
"Қалада аурудың күрт өсімі тіркелуде. 54 науқастан алынған сынаманың алдын ала талдауы олардың 56 пайызы "үнді" штамын жұқтыруы мүмкін екенін көрсетіп отыр. Мутацияның жаңа түрі ең қауіпті, өйткені өлім қаупі жоғары, адамның иммунитетіне қатты әсер етеді. Ал 39 пайызында "британдық" штамм.
Пациенттердің 80 пайыздан астамында ("үнді", "британдық" штамдар) клиникалық көріністер бар, оның ішінде 20 науқас ауруханаға жатқызылды. 20 пайызында симптомдар жоқ, оның ішінде 1 науқас ауруханаға жатқызылды.
Көпшілігі – дәрігерге көрінген. Сырттан келген алты науқас бар. Олар Ресейден, Ауғанстаннан, Түркістаннан, Ақмола облысынан екі адам және ШҚО-дан", — дейді елорданың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Сархат Бейсенова.
Айта кетейік, елордада қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қосымша карантиндік шектеулер енгізілмек. Коронавирустың таралуына жол бермеу шаралары елорда әкімі Алтай Көлгіновтің басшылығымен өткен қалалық штаб отырысында қаралды.
Алтай Көлгінов коммуналдық қызметтердің, құрылыс компанияларының басшыларымен, мектеп/балабақша, колледж, СОО/СҮ/базар директорларымен, ҮЕҰ және басқа да ірі кәсіпорындардың өкілдерімен кездесті.
Кездесу барысында тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және коронавирустың таралуына жол бермеу мақсатында еңбек ұжымдарын вакцинациялау қажеттілігі айтылды.
Ұжымдық иммунитетті қалыптастыру кезінде ғана олардың қызметі тоқтатылмайды. Коронавирусқа қарсы вакцина алғандардың саны аз болған жағдайда, аталмыш нысандағы жұмыстар тоқтатылады.