Елімізде жыл басынан бері 22 бейінді бөлімше ашылды

2 505

Фото:© BAQ.KZ АРХИВІ/Арман МухатовҚазақстанда облыстық ауруханаларды жаңғырту аясында 2026 жылдың 1-ші қаңтарынан бастап 11 өңірде 22 бейінді бөлімше іске қосылды, онда шамамен 400 пациент медициналық көмек алды,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі BAQ.KZ. сайтына сілтеме жасап.

Денсаулық сақтау министрлігі өңірлік басқармалармен бірлесіп іске асырып жатқан жобаның негізгі мақсаты – өңірлерде медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыру, сондай-ақ стационарлық төсек-орын қорын сұраныс жоғары бағыттарға бейімдеу. Қазіргі таңда ел бойынша 36 көпбейінді облыстық аурухана жұмыс істейді. Ал 2026–2027 жылдары кезең-кезеңімен қосымша 49 бөлімше ашылып, жалпы 2700-ге жуық жаңа төсек-орын іске қосу жоспарланған. Оның ішінде 300-ден астамы балаларға арналған. Жаңа бөлімшелер кардиология, нефрология, пульмонология, эндокринология, ревматология, гематология және басқа да әлеуметтік маңызы жоғары медициналық бағыттарды қамтиды.

2026 жылы ғана 800-ден астам жаңа төсек-орын ашу көзделіп отыр. Сонымен қатар өңірлерде 27 құзырет орталығы құрылып, 17 симуляциялық орталық медициналық мамандарды даярлау және олардың біліктілігін арттыру мақсатында жұмыс істеуде. Бұдан бөлек, 19 телемедицина орталығы ауылдық жерлердегі медициналық ұйымдарға қашықтан консультациялық қолдау көрсетуге мүмкіндік беріп отыр. Бұл ауыл мен қала арасындағы медициналық қызмет сапасындағы алшақтықты азайтуға бағытталған.