Ауруханадағы туысының жағдайын қазақстандықтар онлайн бақылай алады

2 516

Фото: ©freepik.comҚазақстанда науқастардың туыстарын ақпараттандыруға арналған сервисті енгізу бойынша пилоттық жоба әзірленіп жатыр,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.

Ақпан айында сенатор Жанна Асанова науқас ауруханаға түскен кезде туыстарына ақпарат алуға мүмкіндік беретін жаңа механизмді енгізуді ұсынған болатын. Сенатор туыстар көбіне қажетті ақпаратқа қол жеткізе алмайтынын атап өтті: дәрігерлердің бос еместігі, науқасқа кіруге шектеу, сондай-ақ қабылдау және тіркеу бөлімдерінде нақты әрі өзекті ақпараттың жоқтығы басты проблемалар болып саналады.

Премьер-министрдің айтуынша, Денсаулық сақтау министрлігі медициналық ақпараттық жүйелерді әзірлеушілермен және мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, аталған сервисті енгізу мәселесін пысықтап жатыр. Жоба шеңберінде келесі шаралар қарастырылған:

- Науқастың госпитализация мәртебесі туралы бірыңғай ақпараттық арна құру (бөлімшеде болу, жансақтау бөлімінде жату, операцияда болу немесе басқа бөлімшеге ауысуы).

- Өтініш берушінің жеке басын сәйкестендіру және оның өкілеттілігін растау тетіктерін қамтамасыз ету.

- Сервисті медициналық ақпараттық жүйелермен интеграциялау, өтініштерді тіркеу және ақпаратқа қолжетімділікті шектеу.

- Медициналық ұйымдардың науқастардың туыстарымен байланыс орнату тәртібі мен бірыңғай стандарттарын әзірлеу.

“Пилоттық жоба жекелеген өңірлердегі медициналық ұйымдарда жүзеге асырылады. Астана қаласы мен Алматы облысы әкімдіктері жобаға қатысуға дайын екенін білдірді. Пилоттық нәтижелер бағаланған соң, жүйені республика бойынша кеңейту жоспарланып отыр. Бұл механизм медициналық қызметкерлерге түсетін жүктемені азайтып, даулы жағдайлардың алдын алуға мүмкіндік береді”, – делінген премьер-министрдің жауабында.

Олжас Бектенов Damumed мобильді қосымшасында жансақтау бөліміндегі науқастардың жағдайы туралы туыстарына хабарлама жіберу мүмкіндігі бар екенін еске салды. Қазіргі уақытта бұл сервисте 5,3 миллионнан астам пациент тіркелген. 2025 жылы аталған функция арқылы 132 мыңнан астам хабарлама жолданған, бұл туыстарға науқастың жағдайын нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік беріп отыр. Жаңа сервисті енгізу нәтижесінде науқас туыстарының ақпаратқа қол жеткізуі оңтайландырылып, ауруханаларда ақпараттық қолжетімділік пен қызмет сапасы жақсарады деп күтілуде.