«Саламатты Қазақстан» медицина пойызы СҚО-ға бағыт алды

1 464

СҚО әкімдігі ішкі саясат басқармасының мәліметінше, «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы 26 сәуірден бастап ел аумағында жұмыс істей бастаған, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.


28 маусым мен 4 шілде аралығында Солтүстік Қазақстан облысында «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы жұмыс істейді. Айыртау, Тимирязев және Жамбыл ауданының тұрғындары білікті мамандарға қаралып, тегін тексеруден өте алады.


Бұл – ҚР Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның бастамасы.


Кестеге сәйкес 28 маусым мен 4 шілде аралығында «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы Солтүстік Қазақстан облысының аумағында болады.


28 маусым күні сағат 7.35-те пойыз Айыртау ауданы Саумалкөл станциясына келеді. Келесі күні сағат 21.10-да осы ауданның Янко станциясына тоқтайды.


30 маусымда сағат 22.36-да Тимирязев ауданының Белоградовка станциясына тоқтамақ.


1 шілде күні сағат 21.12 Сулы станциясына келеді.


Ал 3 шілде күні сағат 22.40-та Жамбыл ауданының Бауман станциясына тоқайды.


Медициналық пойыз пациенттерді сағат 9.00-ден 18.00-ге дейін қабылдайды. Сағат 13.00-ден 14.00-ге дейін түскі үзілісі бар.


Дәрігерлер алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсетеді, консультациялар мен тексерулер жүргізеді.


Пойызда терапевт, хирург, жалпы тәжірибелік дәрігер, невропатолог, ультрадыбыстық диагностика дәрігері, акушер, зертханашылар, медбикелер, рентгенолог, сәулелік диагностика дәрігері, стоматолог, отоларинголог, психолог, окулист, гинеколог және уролог мамандар бар.


Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның бастамасымен алғаш рет пойызда медициналық жәрдемнен бөлек тұрғындарға кәсіби психологиялық, құқықтық және медиативтік көмек көрсетілмек.


Бұдан басқа, азаматтардың мемлекеттік әлеуметтік қолдау алу, зейнетақы, жәрдемақы, әлеуметтік төлемдер және атаулы әлеуметтік көмек алу құқықтарын қорғау мәселелері бойынша тегін консультациялар өткізіледі.


Ал талдау, ЭКГ, ЭХО, флюорография, ультрадыбыстық тексерулер тегін жүргізіліп, нәтижелері сол жерде беріледі.


Ұйымдастырушылардың айтуынша, мамандар тұрғындарды әлеуметтік мәртебесіне, тұрғылықты жері мен сақтандырылу жағдайына қарамастан кезекпен қабылдайды. Тек 18 жасқа дейінгі балалар тек ата-аналарымен бірге қабылданады. Кешкі сағат 17.00-ден кейін науқас төсек тартып жатқан жағдайда маман үйге барып оның жағдайын білуі мүмкін.


Жобаны «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының атынан «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры, Денсаулық сақтау министрлігінің қатысуымен, әлеуметтік жобалар қорының және ақпараттық әріптес - Jibek Joly телеарнасымен ынтымақтастықта іске асырып жатыр.