Денсаулық сақтау министрлігі әлеуметтік желілерде тараған ақпаратты жоққа шығарды
Соңғы күндері әлеуметтік желілерде қант диабеті, церебральды сал ауруы және өзге де созылмалы дерттері бар науқастар медициналық көмектен айырылып, дәрі-дәрмек ала алмайды деген ақпарат тарады. Денсаулық сақтау министрлігі бұл мәліметтің шындыққа жанаспайтынын ресми түрде мәлімдеді, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Ведомствоның хабарлауынша, әлеуметтік мәні бар және созылмалы ауруларға шалдыққан пациенттер бұрынғыдай толық көлемде тегін медициналық көмек пен дәрі-дәрмек алуды жалғастырады.
Министрлік дерегінше, жаңартылған әлеуметтік мәні бар аурулар тізіміне 11 нозология кіреді. Олар бойынша медициналық көмек пен дәрілік қамтамасыз ету тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) аясында, яғни сақтандыру мәртебесіне қарамастан көрсетіледі.
ТМККК пакетінде туберкулез, АИТВ инфекциясы, созылмалы вирустық гепатиттер мен бауыр цирроздары, қатерлі ісіктер, психикалық және мінез-құлық бұзылыстары, орфандық аурулар, миокард инфарктісі (алғашқы 6 ай), жүйке жүйесінің дегенеративті және демиелинизациялық аурулары, эпилепсия және инсульттан кейінгі цереброваскулярлық аурулар (бір жыл бойы) қамтылған.
Биыл тізімге алғаш рет эпилепсия және инсульттан кейінгі аурулар енгізілді. Бұл шешім неврологиялық ауруларға шалдыққан азаматтардың дәрілік қамтамасыз етілуін және ұзақ мерзімді емін күшейтуге бағытталған.
Қазір Қазақстанда эпилепсиямен 94 мыңнан астам адам, оның ішінде 31 мың бала тіркелген. Олар жыл сайын 4 млрд теңгеге жуық сомаға 14 түрлі дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етіледі.
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) пакеті шеңберінде қант диабеті, балалардың церебральды сал ауруы, дәнекер тіннің жүйелік зақымдануы және ревматизм бойынша ем жалғасады. Бұл ретте медициналық көмектің көлемі қысқармайды — тек қаржыландыру көзі өзгереді.
Сонымен қатар, барлық әлеуметтік мәні бар аурулардың бастапқы диагностикасы алғаш рет сақтандыру мәртебесіне қарамастан тегін жүргізіледі.
Министрлік мемлекет бұрынғыдай балалар, жүкті әйелдер, зейнеткерлер, студенттер, мүгедектер мен жұмыссыздар сияқты жеңілдетілген санаттағы азаматтарға барлық кепілдіктерді сақтайтынын атап өтті.







