Медицина мамандарына арналған жатақхана бой көтермек

1 326

1,3 миллионнан астам астаналық алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін ұйымдарға тіркелген, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі Астана қалалық қоғамдық денсаулық басқармасына сілтеме жасап.


«2020 жылы жергілікті бюджеттен 243 грант бөлініп, өткен жылы 151 жас маман, ал биыл 92 маман оқуын аяқтады. 2022-2023 жылдарға 19 медициналық мамандықтар бойынша 128 орынға грант бөлінді. Бұл үрдіс жалғасын табады, осы орайда біздің басқарма 2023-2026 жылдарға 131 грант бөлу туралы өтінім берді. Одан бөлек, мамандарды тұрғын үймен қамту мәселесі маңызды. Бұл орайда қала әкімдігі жұмыс істейтін жастар үшін сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй және тұрғын үйге мұқтаж жан ретінде жергілікті атқарушы органдарда есепте тұрған азаматтар үшін «Шаңырақ» бағдарламасын іске қосты. Сонымен қатар, елорда жастарын тұрғын үймен қамтамасыз етудің қосымша құралы ретінде «Елорда жастары» жеңілдетілген несие беру бағдарламасы бекітілді», - делінген Денсаулық сақтау басқармасының хабарламасында.


Сондай-ақ, басқармадан медицина кадрларын ынталандыру мақсатында арнайы жатақхана салынатыны айтылды.


«Білікті кадрларды тарту мақсатында әкімдік медицина қызметшілеріне арналған 1 жатақхана салу бойынша жұмыс жүруде. Ол Алматы ауданында Астана-Қарағанды тас жолының бойында салынбақ. Сонымен қатар медицина қызметкерлері үшін қосымша әлеуметтік қолдау шаралары қарастырылып жатыр. Мысалы: тұрғын үйді жалға алудың ішінара төлемі және 2 базалық лауазымдық жалақы мөлшерінде бонустық төлем және тегін жүретін қоғамдық көлік көлік карталарын беру», - дейді ведомстводан.


Ақпаратта айтылғандай, қазіргі уақытта елорда тұрғындары толықтай электрондық денсаулық паспортына көшкен.


«Бүгінде әр тұрғынға электрондық денсаулық паспорты жасалды. Медициналық ақпараттық жүйе арқылы 3 млн-ға жуық өтінішке қызмет көрсетілді. Цифрландыру процестері емханалардағы кезекті 2 есе қысқартуға, дәрігерлерді қағазбастылықтан босатуға және пациенттерге көбірек уақыт бөлуге мүмкіндік берді. Сондай-ақ, бірқатар қызметті онлайн алуға мүмкіндік беретін мобильді қосымша әзірленді. Мысалы, дәрігерге алдын ала жазылу, дәрігерді үйге шақыру және тағы сол сияқты. Одан бөлек, биыл 6 айда сирек кездесетін дертке шалддыққан 270 науқас дәрі-дәрмек және медициналық бұйымдармен қамтамасыз етілді», - делінген басқарманың мәлімдемесінде.


Елорданың денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, медициналық ұйымдарды жабдықтау және қайта жарақтару бағытында бірқатар іс атқарылды.


2020-2022 жылдары аталған мақсатқа 17,4 млрд теңге бөлінген. Оның ішінде 23 млн теңгесі республикалық бюджеттен қарастырылған.