Елімізде аутизм диагнозы қойылған 12 мыңнан астам бала бар

2 549

Фото: "Болашақ" қоры«Болашақ» қорында аутизмді ерте диагностикалауға арналған ақпараттық стендтер, АҚШ, Франция және ТМД елдерінің сарапшылары қатысуымен өтетін халықаралық конференция, аутизм бар жасөспірімдерге арналған оқу-өндірістік комбинаттары, осы және басқа да бастамалар туралы айтылды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.


«Болашақ» қорының серіктестері, республикалық БАҚ журналистері Астананың №95 мектеп-лицейіндегі инклюзияны қолдау кабинетіне келді. Кабинет «Болашақ» қорының «Bolashak Bright» жобасы аясында жиналған қайырымдылық қаражатына жабдықталған. Кабинетте аутизм және басқа да менталдық бұзылыстары бар 14 бала оқиды. Жалпы «Болашақ» қоры елордада 18 инклюзияны қолдау кабинетін ашып, жабдықтады. 2015 жылдан бері мұнда 150-ге жуық бала оқып шықты. Барлығы қор Қазақстанның 22 қаласында мектептер мен балабақшаларда 57 инклюзияны қолдау кабинетін ашты. Аутизм және басқа да даму ерекшеліктері бар 800-ден астам бала мектепке баруға мүмкіндік алды.


Ресми мәлімет бойынша, Қазақстанда аутизм диагнозы қойылған 12 мыңнан астам бала бар, ол балалардың 3 479-ы елордада тұрады. АҚШ-тың Ауруларды бақылау және алдын алу орталығының мәліметі бойынша, әрбір 36-балаға аутизм диагнозы қойылған.


«Bolashak Bright» акциясына қатысушылар инклюзияны қолдау кабинетін жабдықтауға барлығы 781 748 теңге жинады. 307 адам қайырымдылық қаражат аударған. Дәстүр бойынша қайырымдылық жасаушылар арасында жүлделер мен сыйлықтар ұтысы өткізілді. Бас жүлде COFFEEDAY әлемдік кофеханалар желісінен бір жылдық кофе қоры болды. Бас жүлдені Астана тұрғыны Гүлдана Сакиева иеленді. «Bolashak Bright» – бұл bolashakbright.kz қайырымдылық онлайн платформасы, мұнда әр адам Қазақстанның қайырымдылық қорларына қайырмалдық жасап, бағалы жүлделер мен сыйлықтар ұтысына қатыса алады.


Іс-шараға «Болашақ» қоры Қамқоршылық кеңесінің төрағасы Динара Гаплан, COFFEEDAY әлемдік кофеханалар желісінің тең құрылтайшысы Алмас Үркімбаев, MYD Production және Turkish Airlines компанияларының өкілдері, Bolashak Bright акциясының жеңімпазы, «Әр бала мектепке баруға лайықты» жобасының мамандары мен ата-аналары қатысты.


Қонақтар инклюзияны қолдау кабинетінің жұмысымен танысып, инклюзивті білім беруді дамыту бөлігіндегі қордың соңғы іс-шаралары мен бастамалары туралы білді.

«Болашақ» қорының Қамқоршылық кеңесінің төрағасы Динара Гаплан:«Бүгін бүкіл әлемде атап өтілетін осы бір маңызды күні біз серіктестерімізге, журналистерге қор әзірлеген инклюзивті білім беру моделі қалай жұмыс істейтінін көрсеткіміз келеді. 2015 жылы біз инклюзияны қолдау кабинеттерінің моделін әзірледік, ал қазір біздің моделіміз 700-ден астам білім беру ұйымдарында мемлекеттік білім беру жүйесіне енгізілді. Бір кездері біздің жобаға келген кішкентай балапандар міне, қазір 9-сыныпты бітірейін деп жатыр. Сондықтан да бүгінде біз аутизм және дамуында басқа да ерекшеліктері бар балалардың қарапайым кәсіптерге оқуы үшін инклюзия саласындағы басқа қорлармен бірге белсенді жұмыс жүргізіп жатырмыз»,-деді.