Қызылорда облысында биыл 4 адам Конго-Қырым геморрагиялық қызбасын жұқтырды
2 515
Қызылорда облысында биыл Конго-Қырым геморрагиялық қызбасын 4 адам жұқтырды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Облыста Конго-Қырым геморрагиялық қызбасына қолайсыз 115 елді мекен есепке алынған. Кенеге қарсы көктемгі өңдеу жұмыстары жоспарлы түрде 2 кезеңмен жүргізілді.
«Бұл жұмыстардың сапасы мен тиімділігін арнайы құрылған жұмыс топтары тұрақты бақылап отыр. Өңдеу қорытындысымен тиімділік көрсеткіші мал қораларында 96,3 пайыз болса, мал басына жүргізілген өңдеу сапасы 92,3 пайызды құрады. Ал 90 пайыздан төмен болып анықталған Қармақшы, Жалағаш, Сырдария аудандары мен Қызылорда қаласына қайтадан нүктелік өңдеу жасалды. Жыл басынан бері облыс бойынша Конго-Қырым геморрагиялық қызбасына 10 күдікті жағдай тіркелді. Оның 4-еуі клиникалық-зертханалық және эпидемиологиялық жолмен нақтыланды. Оның ішінде Жаңақорғанда -3, Шиеліде - 1 дерек анықталған», - деді Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әлия Әбдіқайымова.
Ведомство мәліметінще, биыл тұрғындар арасында 567 адам кене шағып, медициналық көмекке жүгінген. Олардың барлығы тиісті ем-дом жасалып, 14 күн бойы медициналық бақылауда болды.