Дәрігерлер денесінің 70%-ын күйік шалған жүкті әйелді өлім аузынан құтқарды

2 007

Фото: ria.ruШығыс Қазақстан облысының дәрігерлері жүктіліктің 25-аптасында жүріп денесінің 70% бөлігін күйік шалған 20 жастағы Диана Долгованың өмірін сақтап қалды, – деп хабарлайды "Opennews.kz"  ақпарат агенттігі.

Медицина мамандарының жоғары кәсібилікпен жұмыла кіріскен әрекеттері зардап шеккен әйелдің өмірін сақтап қана қоймай, біраз уақыттан кейін салмағы 2,2 келі, бойы 50 см дені сау баланы ойдағыдай босандырып алуға септігін тигізді. 

Диана Бородино ауылынан Алтайдағы ауданаралық ауруханаға жедел жәрдем көлігімен жеткізіліп, бірден реаниматологтар, травмотологтар және гинекологтардың қамқорлығына алынды. Науқастың басын, мойнын, кеудесін және аяқ-қолдарын бірінші, екінші және үшінші дәрежедегі күйік шалғаны анықталды.

Дәрігерлер науқастың жағдайын ауыр деп бағалады. Облыстық орталық мамандарының консилиумынан кейін тікұшақ жібертуге шешім қабылданды. Ауданға құрамында облыстың бас реаниматологы Галина Семенова, фельдшер Назым Бейсенбаева бар бригада ұшып жетті. Зардап шеккен әйел Шығыс Қазақстан облыстық мамандандырылған медицина орталығына жеткізілді.

«Біздің дәрігерлер – әлемдегі ең үздік мамандар. Олар қызым екеумізді аман алып қалу үшін мүмкін еместі жасады. Алда әлі ұзақ реабилитация күтіп тұр, бірақ ең қорқыныштысы артта қалды. Дәрігерлердің арқасында өмірімнің мәні бар және сол үшін де емімді жалғастырамын», - деп қуаныштың көз жасын төге отырып жас ана алғыс сөзімен бөлісті.

Бөлімшедегі дәрігер-реаниматолог-анестезиолог Александр Нарейко мен оның әріптестері науқастың өмірін сақтап қалу үшін бар күшін салды. Денсаулық сақтау министрлігінің мамандары да медициналық көмек көрсету үдерісін үйлестіріп отырды.

Диана интенсивті терапияға шыдап, ерлік танытты, теріні ауыстырып салу бойынша бірнеше отадан өтті. Жарасын ОММО травмотология бөлімшесінің меңгерушісі Рафаэль Гафуровтың жеке өзі таңды. Бала мен ананың жағдайын облыстың штаттан тыс бас гинекологы Марат Көксегенов тұрақты қадағалап отырды.