Қызылордада шетінеп кеткен сәбидің ата-анасы баланың өліміне дәрігерлерді кінәлайды

5 199

Фото: Видеодан скрин/Айгүл Үсенбайова/дәрігер Сәуле ЖақановаҚызылордада жаңа туған сәби бес күннен кейін шетінеп кеткен, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.


Облыстық перзентхана дәрігерлері сәбидің денсаулығы туылған кезінде жақсы деп сендірген, алайда сараптама нәтижесі баланың миында ісік барын көрсеткен.  Ұлынан айырылған ата-ана болған жағдайға дәрігерлер кінәлі деп санайды.

Ерлі-зайыпты Дәулет пен Айгүл бір ай бұрын ұлды болдық деп қуанып, жақындарынан сүйінші сұраған. Өмірге келген нәрестеге Байжан деген есім қойып үлгеріпті. Небәрі бес күн жарық дүниені көрген шақалақ шетінеп кеткен. Анасының айтуынша, ұлын кесарь тілігі арқылы дүниеге әкелген. Дәрігерлер баланың жатырда өкпесі қысылып қалғанын айтты деп отыр. Ал бес күн өткенде сәбидің денсаулығы күрт нашарлап, жансақтау бөлімінде жан тапсырған. Ал сараптама қортындысында баланың шетінеп кетуіне миындағы ісік себеп болғаны жазылған. Ерлі-зайыпты бұрын-соңды байқалмаған сырқат дәрігерлердің салғырттығынан пайда болуы мүмкін деп күдіктенеді.


“Киіндіріп жатқан кезде ме, әлде былайынша уақыттарда ма қатты бір жерге қойып қалды басын. Болмаса ұрып алды. Әйтпесе ісік қайдан пайда болады? Сап-сау бала, ол қалай кетіп қалады деп едім. Неден болып жатқанын біз де түсінбедік деп отыр”, – дейді Айгүл.


Ал Қызылордадағы “Ана мен бала” орталығындағы дәрігерлердің өз шындығы бар. Олардың айтуынша, баланың денсаулығында құрсақта жатқанда біткен ақауы болған.


“Ұзақ құрсақ ішілік гепоксия негізінде бас ми ишемиясы диагнозы қойылып, жансақтау бөлімінде нәресте ем алды. Бұл оттегі жетіспеушілігі ғой. Соның негізінде полиорганды жетіспеушілік бас ми ісінуінен ем-домға қарамастан нәрестенің ағзасында қайтымсыз процестер болуы негізінен бала 11 наурыз күні шетінеп кетті”, – дейді Қызылорда облыстық ана мен бала перинаталдық орталығы бас дәрігерінің орынбасары Сәуле Жақанова.


Дәрігерлер нәрестені аман алып қалу үшін қолымыздан келгенін жасадық деп ақталып әлек. Алайда ерлізайыпты олардың сөзіне сенуден бас тартты. Сол себепті құзырлы органдарға дәрігерлердің үстінен шағым түсірмек.