ДСМ қант диабетімен ауратындарға тегін медициналық көмек тоқтатылатыны туралы сыбысқа жауап берді
Денсаулық сақтау министрлігі әлеуметтік желіде тараған қант диабетімен ауыратын пациенттерге медициналық көмек пен дәрі-дәрмектер шектеледі деген ақпаратты жоққа шығарды. Қант диабеті диагнозымен диспансерлік есепте тұрған барлық қазақстандық дәрі-дәрмекті тегін алады, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, бүгінде Қазақстанда қант диабеті диагнозымен диспансерлік есепте 535 мыңнан астам адам, оның ішінде 5 625 бала тұр. Олардың барлығы қажетті дәрі-дәрмектерді тегін алады.
"Барлық мұқтаж адамдарды қамту және өсіп келе жатқан қажеттіліктерді жабу үшін келесі жылдың қаңтар айынан бастап қант диабеті кезінде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету МӘМС жүйесі арқылы іске асырылады. Бұл әдіс тұрақты және уақтылы қаржыландыруды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді", – делінген ведомство хабарламасында.
Бүгінгі таңда қант диабетімен ауыратын пациенттердің 96%-ы МӘМС жүйесімен қамтылған. Балаларға, зейнеткерлерге, жүкті әйелдерге, мүгедектігі бар адамдарға және басқа да осал топтарға мемлекет сақтандыру төлейді.
Сондай-ақ Денсаулық сақтау министрлігі қант диабетін емдеуге арналған дәрі-дәрмектер тізбесін жаңартты. Ведомство мәліметінше, енді тиімділігі дәлелденген препараттар ғана қалады.
"Жаңа буын инсулиніне – деглудекке қолжетімділік кеңейіп келеді, ол қазір пациенттердің барлық санаттарына, соның ішінде жүкті әйелдер мен балаларға қолжетімді болады. Қант диабеті — мыңдаған қазақстандықтардың өміріне әсер ететін аурулардың бірі ретінде әрдайым мемлекеттің ерекше бақылауында болады", – делінген хабарламада.
Мемлекет қант диабетімен ауыратын пациенттерге айтарлықтай қаржы бөліп отыр. Министрлік дерегеніше, жағдайдың ауырлығына байланысты бір науқасқа жылына 618 теңгеден 6,5 млн теңгеге дейін жұмсалады екен. Жалпы шығын көлемі жылына – 46 млрд теңге.







