Жатыр да, бала да жоқ: дәрігерлер алған 20 мың теңгесін қайтарған

2 858

Фото: stan.kzЖамбыл облысында жаңа туған нәрестенің өліміне және анасының ауыр халде ауруханаға түсуіне қатысты тергеу жүргізіліп жатыр. Оқиға Тараздағы облыстық перинаталдық орталықта болған,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.

35 жастағы Гүлім Оразбаеваның алтыншы баласын дүниеге әкелуі бүкіл отбасы үшін орны толмас қайғыға айналды. Туыстарының сөзінше, Тұрар Рысқұлов ауданынан жеткізілген әйелге іштегі баланың ірі көлеміне байланысты кесар тілігі жасалуы тиіс болған. Алайда медициналық мекемеде оны табиғи жолмен босануға мәжбүрлеген.

“Әпкемнің жағдайы жақсы еді. УДЗ баланың салмағын 4 кг 400 г деп көрсетті. Аудандық ауруханада кесар тілігі ұсынылды, сондықтан оны Таразға жіберді. Бірақ мұнда табиғи жолмен босандырмақ болды”, – деді туысы Айгерім Оразбаева.

Отбасы мүшелері перинаталдық орталық дәрігерлері әйелден ақша талап еткенін айтады. Олардың сөзінше, төлем жасалғаннан кейін ғана Гүлімді босану бөлмесіне кіргізген. Алайда босанғаннан кейін бір сағат ішінде нәресте шетінеп, әйелдің жатыры жарылып кеткен. Науқас жансақтау бөліміне түсті, кейін оған жатырды алып тастау бойынша ота жасалды.

“Ота жедел жасалуы керек еді. Оны бейсенбіде әкелген, бірақ кесар тілігі кейінге қалған. Демалыс күндеріне де қалдырды. Кейін кесар тілігі үшін 20 мың теңге сұрағанын айтты. Ақша үшін! Біз оны өз көзімізбен көрдік”, – деді әйелдің күйеуі Ермұхан Әмреев. Оның айтуынша, қайғылы жағдайдан кейін дәрігерлер ол ақшаны қайтарып берген.

Қазір оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалып, ішкі  тергеу жүргізілуде.

“Заң бойынша мұндай мекемелерде көрсетілетін қызметтердің барлығы тегін. Ақы төлеудің қажеті жоқ. Ішкі тергеу басталды, тәуелсіз сарапшылар тартылды. Қорытындысы кейін жарияланады”, – деді Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Ерік Мұсабаев.

Марқұм нәрестенің туыстары жауапты адамдардың барлығының жазаланатынына сенім білдіріп, әділдік талап етіп отыр.