Пластикалық ота үшін зейнетақы жинағын пайдалана аласыз ба?
Пластикалық хирургияға байланысты өтініштердің күрт өсуіне байланысты enpf-otbasy.kz платформасында БЗҚ қаражатын осы мақсатқа қолдану үшін өтінім қабылдау уақытша тоқтатылды. Бұл туралы ақпаратты «Отбасы банк» баспасөз қызметі таратты, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Стоматология мен офтальмология бағыттары бойынша БЗҚ қаражатын пайдалану өтініштері жабылғаннан кейін, қазақстандықтар реконструктивті және қалпына келтіру (пластикалық) операцияларын белсенді түрде таңдай бастады. Әсіресе операциядан кейінгі тыртықтарды түзету мен туа біткен кемістіктерді коррекциялауға сұраныс айтарлықтай артқан.
Банк мамандарының айтуынша, пластикалық операцияларға байланысты өтініштердің саны бірнеше ай ішінде рекордтық деңгейге жеткен. Бұрын бұл бағытқа айына орта есеппен 16 өтініш түссе, қыркүйекте стоматологияға өтініш қабылдау тоқтаған сәтте 123 өтініш тіркелді. Қазанда олардың саны 1 844-ке дейін, қарашада 3 878-ге дейін көбейді.
Ал желтоқсанның алғашқы сегіз күнінде офтальмология бойынша өтінімдер шектелгеннен кейін, пластикалық операцияларға 2 093 өтініш жолданған. Бұл бұрынғы орташа айлық көрсеткіштен 130 есе көп дегенді білдіреді. Желтоқсан айындағы өтінімдердің жалпы құны 1,8 млрд теңгеге жеткен.
Отбасы банкінің басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова мұндай өсім зейнетақы қаражатын мақсатсыз пайдалануға қатысты тәуекелдерді күшейтетінін атап өтті. Оның айтуынша, кейбір азаматтар артық зейнетақы жинақтарын делдалдар арқылы заңсыз шешіп алу үшін түрлі айла-шарғыға бара бастаған.
Осыған сәйкес, «Операциядан кейінгі тыртықтарды және туа біткен ақауларды түзетуге арналған реконструктивті және қалпына келтіру операциялары» бойынша БЗҚ қаражатын пайдалану үшін өтінім қабылдау 2025 жылдың 12 желтоқсанында ресми түрде тоқтатылады.
Қазіргі уақытта пластикалық операцияларға қатысты 6 294 өтініш қаралу үстінде. Банк олардың барлығын қолданыстағы талаптарға сай өңдейтінін хабарлады.
Сонымен қатар азаматтардың зейнетақы жинақтарының бір бөлігін маңызды әрі қымбат медициналық қызметтерге пайдалану мүмкіндігі сақталады. Олардың қатарына:
• сирек (орфандық) ауруларды емдеу;
• радионуклидтік және радиойод терапиясы;
• радиохирургиялық емдеу;
• протондық терапия кіреді.
Бұған қоса, зейнетақы жинақтарының бір бөлігін тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін де қолдануға болады: баспана сатып алу, ипотеканы өтеу немесе Отбасы банктегі депозитті толықтырып, кейін үй алу мүмкіндігі қарастырылған.







