Балаларға паллиативтік медициналық көмек көрсету стандарты бекітілді
Денсаулық сақтау министрлігі Омбудсменнің ұсынымдарын қабылдап, балаларға паллиативтік медициналық көмек көрсету стандартын бекітті. Бұл туралы ДСМ баспасөз қызметі мәлімдеді, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Денсаулық сақтау министрінің бұйрығымен Қазақстан Республикасында балаларға паллиативтік медициналық көмек көрсетуді ұйымдастыру стандарты бекітілді.
Балаларға сапалы паллиативтік көмектің қолжетімділігін жетілдіру және кеңейту қажеттілігі Денсаулық сақтау министрлігіне 2024 жылдың қазан айында Омбудсменнің арнайы ұсынысында белгіленген болатын.
Әрбір бала денсаулық жағдайына қарамастан, оның жеке қажеттіліктеріне сәйкес келетін медициналық көмекке қол жеткізуге құқылы. Ал паллиативтік көмек жағдайында медициналық қамтамасыз ету құқығы балаға да, оның отбасына да физикалық ғана емес, эмоционалдық сипаттағы қолдау көрсетуді білдіреді.







