Қазақстан фармацевтика саласында ТМД бойынша жаңа нәтижеге қол жеткізді

2 510

Фото:© ҚР ДСМ Қазақстан ТМД елдерінің арасында алғаш рет дәрілік заттарды реттеу жүйесіне қол жеткізді,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі Kaz.inform.kz сайтына сілтеме жасап.

Қазақстан ТМД елдерінің арасында алғаш рет және Еуропа өңірінде төртінші болып Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бағалауы бойынша дәрілік заттардың айналымын ұлттық реттеу жүйесінің үшінші жетілу деңгейіне қол жеткізген.

Қазақстанның фармацевтикалық жүйесі халықаралық талаптарға сәйкестігін тағы бір мәрте дәлелдеді. Мамандардың айтуынша, бұл жетістік дәрілік препараттардың сапасы, қауіпсіздігі және тиімділігі бойынша әлемдік стандарттардың сақталатынын көрсетеді. Алматы қаласында өткен Үндістан-Қазақстан фармацевтикалық бизнес-форумы барысында кеңінен талқыланды. Іс-шараға Үндістаннан дәрілік заттар, медициналық бұйымдар, вакциналар мен биотехнологиялық өнімдер өндіретін 60-тан астам компания өкілдері қатысқан.

Жүйенің үшінші жетілу деңгейіне көтерілуі - Қазақстандағы дәрілік заттарды реттеу тетіктерінің халықаралық талаптарға сай екенін білдіреді. Бұл тіркеу, сапаны бақылау, фармакологиялық қадағалау және өндіріс орындарын инспекциялау бағыттарын қамтиды. Мұндай нәтиже шетелдік инвесторлар мен халықаралық ұйымдардың қазақстандық фармацевтика саласына деген сенімін арттыруға мүмкіндік береді. Денсаулық сақтау министрлігі саланы одан әрі дамыту үшін инвестиция тарту, жаңа технологияларды енгізу және дәрі айналымын цифрландыру жұмыстарын жалғастырып жатыр. Сонымен қатар сатып алу жүйесінің ашықтығы мен тиімділігін күшейтуге басымдық берілуде.

Ведомствоның мәліметінше, 2025 жылы халықты дәрілік қамтамасыз ету мәселесі негізгі басымдықтардың бірі болды. Қазіргі таңда 3,6 миллион адам тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі мен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында дәрі-дәрмекпен қамтылған.  262,9 млрд теңгеге 15,6 миллион рецепт берілген. Дәрілік препараттар тізімі қайта қаралып, тиімділігі төмен дәрілер алынып тасталды. Олардың орнына заманауи әрі инновациялық өнімдердің үлесі артқан.