Жастар Даун синдромы бар балаларға арналған инновациялық жоба ұсынды
Академик Е. А. Бөкетов атындағы ұлттық зерттеу университеті студенттері балаларға дағдыларды ойын және ата-анамен әрекет арқылы үйрететін тактильді кітап жасады, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі aikyn.kz сайтына сілтеме жасап.
Enactus Buketov University командасы, Қарағанды облысы әкімінің гендерлік теңдік мәселелері жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі Айжан Қиясова және Жастар ресурстық орталығының қолдауымен балалардың дамуына арналған тактильді кітап жобасын іске қосты. Команда капитаны Амира Әбілдина жобаның идеясы дамытушы материалдар нарығын зерттеу кезінде туындағанын айтты.
Кітап картон мен фетрден жасалған, қозғалмалы элементтер мен жапсырмалар арқылы балаларға белсенді әрекет жасауға мүмкіндік береді. Басылым ұсақ моторика, зейін және қарым-қатынас дағдыларын дамытуға бағытталған. Жобаны әзірлеу барысында студенттер арнайы әдебиеттер мен әдістемелік материалдарды зерттеді. Сарапшы ретінде Қ. Ә. Сағынов атындағы колледж-мектеп психологы Роман Устименко қатысып, құралдың баланың дамуына кешенді әсер ететінін атап өтті.
Кітаптың тұсаукесері «күншуақ» балаларға арналған даму орталықтарының бірінде өтті. Жас қатысушылар құралмен қызығушылықпен танысып, тапсырмаларды орындады. Алғашқы басылым отбасылық құндылықтар мен отбасы ішіндегі қарым-қатынасқа арналған. Кітап кейіпкерлері - ана, әке, әже, ата, аға мен әпкемен қарым-қатынас жасайтын қоян, тасбақа және үкі. Әр бетінде тапсырмалар мен мәтіндер орыс және қазақ тілдерінде берілген.







