Қазақстанда томотерапия тарифтері өзгереді

2 502

Фото:© freepikПремьер-министр Олжас Бектенов депутаттық сауалға берген жауабында томотерапия қызметіне арналған тарифтер қайта қаралатынын мәлімдеді,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі Zakon.kz. сайтына сілтеме жасап.

Онкология саласында томотерапия – сәулелік терапияның заманауи түрлерінің бірі болып саналады. Бұл әдіс ісік жасушаларын жоғары дәлдікпен сәулелендіруге мүмкіндік береді және жұмыс істеу қағидаты жағынан сызықтық үдеткіштер арқылы жүргізілетін классикалық сәулелік терапияға ұқсас. Алайда томотерапияның басты артықшылығы – сау тіндерге түсетін зиянды барынша азайта отырып, ісікке бағытталған әсерді күшейтуінде.

Премьер-министрдің мәліметінше, 2025 жылы томотерапия технологиясы жоғары технологиялық медициналық көмек талаптарына сәйкестігі тұрғысынан қайта бағаланған. Нәтижесінде бұл қызмет мамандандырылған медициналық көмек санатына ауыстырылып, соған сәйкес емделген жағдайлар үшін төлем тарифтері де қайта қаралған.

"Тариф қалыптастыру қағидаты пациенттерге көрсетілген қызметтің орташа шығындарын өтеуді көздейді", – делінген жауапта.

 Құжатта көрсетілгендей, Испания, Түркия, Израиль, Франция және Ресей елдеріндегі томотерапия құнына жүргізілген талдау халықаралық тәжірибеде оның бағасы классикалық сызықтық үдеткіштер арқылы жүргізілетін сәулелік терапиядан төмен екенін көрсеткен. Қазақстанда керісінше, томотерапия тарифтері ұқсас қызметтермен салыстырғанда шамамен бес есе жоғары екені анықталған.

"Әлемде сәулелік терапия тарифтерін қалыптастырудың бірыңғай әдістемесі жоқ. Әр ел денсаулық сақтау жүйесінің қаржыландыру тетіктеріне қарай өз тәсілін қолданады. 2026 жылға арналған медициналық қызметтер тарифтерін қалыптастыру жоспары аясында томотерапия тарифін қайта қарау көзделген",– деді Олжас Бектенов.

Томотерапия бұрынғыдай тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында көрсетіледі. Бұл онкологиялық ауруға шалдыққан науқастардың сәулелік терапияны толық көлемде алуына мүмкіндік береді және олардың емге қолжетімділігін қамтамасыз етеді. Қазіргі таңда денсаулық сақтау саласында көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру, тарифтерді оңтайландыру және жоғары технологиялық емдеу әдістерін кеңінен енгізу бағытындағы жұмыстар жалғасып жатыр.