Дәрі-дәрмек өндіретін ірі кәсіпорын бой көтереді
Қазақстан Үкіметі жаңа фармацевтикалық зауыт салу жобасын қолдады,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпараттық агенттігі Baq.kz сайтына сілтеме жасап.
Денсаулық сақтау министрлігі мен «Қарағанды фармацевтикалық кешені» ЖШС арасында инвестициялық келісім жасалып, құжатқа Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды. Жобаның жалпы құны 42,5 млрд теңгені құрайды. Кәсіпорын отандық дәрі-дәрмек өндірісін дамытуға және импортқа тәуелділікті азайтуға бағытталған. Жаңа зауытта 74 түрлі дәрілік препарат өндіру жоспарланып отыр. Олардың қатарында онкологиялық, аутоиммундық және сирек кездесетін ауруларды емдеуге арналған заманауи дәрілер бар. Сондай-ақ иммунобиологиялық және биотехнологиялық өнімдер шығару көзделген.
Жоба аясында 70-ке жуық жаңа жұмыс орны ашылады. Үкіметтің хабарлауынша, бұл бастама елдің дәрілік қауіпсіздігін нығайтып, фармацевтика саласындағы жоғары технологиялы өндірістің дамуына серпін береді. Соңғы жылдары Қазақстанның фармацевтика саласында өсім байқалады. Өткен жылы өндіріс көлемі 191,1 млрд теңгеге жетіп, салаға тартылған инвестиция көлемі де ұлғайған.







