Министрлік медицина қызметкерлерін бірыңғай цифрлық жүйеге біріктірді

7

Фото: ©ДСМҚазақстанда денсаулық сақтау саласын цифрландыру жұмыстары жалғасып жатыр,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпараттық агенттігі Kazinform.kz сайтына сілтеме жасап.

Қазіргі уақытта бірыңғай цифрлық жүйеде 21,3 мың медициналық ұйым, 275 мың медицина қызметкері және 141 мыңнан астам медициналық техника туралы мәлімет жинақталған. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты Республикалық электрондық денсаулық сақтау орталығының бас директоры Нұршат Сарыбек мәлімдеді.

 Біз бытыраңқы автоматтандыру кезеңінен денсаулық сақтаудың бірыңғай цифрлық экожүйесін құруға көштік. Бүгінде саланы басқару қағидаттарын түбегейлі өзгертетін аса маңызды платформалардың енгізілу нәтижелерін көріп отырмыз, – деді Н.Сарыбек.

Ақпараттық жүйелерді интеграциялау нәтижесінде деректерді қолмен енгізу қажеттілігі жойылып, медицина қызметкерлерінің әкімшілік жүктемесі 30–40 пайызға қысқарған. Бүгінде цифрлық денсаулық паспорты арқылы 6,8 миллион бала мен 4,8 миллион әйелдің денсаулығы бақылауға алынған. Сондай-ақ жүкті әйелдердің айырбастау картасы eGov Mobile қосымшасында қолжетімді болды. Пациенттерді динамикалық бақылаудың цифрлық жүйесі де енгізілуде. Қазір оның аясында 3,6 миллион адам қамтылған. Бұл жүйе дәрігерлерге пациенттің емделу тарихын, тағайындалған емін және рецепттерін бір жерден көруге мүмкіндік береді. 

Амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді жоспарлаудың жаңа жүйесі іске қосылды. Ол 1,9 миллион пациент пен 683 медициналық ұйымды қамтып отыр. Дәрілік препараттарды таңбалау жүйесі олардың қозғалысы мен қорын онлайн бақылауға мүмкіндік бермек. Алдағы кезеңде Бірыңғай мемлекеттік медициналық ақпараттық жүйені іске қосу жоспарланған. Жоба аясында 1 900-ден астам медициналық ұйым бірыңғай платформаға қосылады. Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова өңірлерге медициналық деректердің өзектілігін қамтамасыз етуді, ақпараттық жүйелер арасындағы мәлімет алмасуды жетілдіруді және медициналық қызмет сапасы мен қауіпсіздігіне бақылауды күшейтуді тапсырған.