22 жастағы әйел дәрумен тапшылығынан барлық тісінен айырылған
Бекка небәрі 22 жасында дәрумен тапшылығына байланысты барлық тісін жұлдыруға мәжбүр болған,- деп хабарлайды Оpennews.kz ақпарат агенттігі.
Қыз жылдар бойы ауырсынумен өмір сүріп, дұрыс тамақ жей алмаған. Ал адамдар оның 70 жастағы кемпір сияқты көрінетінін айтқан.
Бекканың айтуынша, тістері шіріп, қызыл иегі ауырғандықтан, көптеген тағамнан бас тартуға мәжбүр болған. 22 жасында дәрігерлер оған барлық тісін жұлып, орнына протез салуды ұсынған.
Қазір 25 жастағы әйел қайтадан сөйлеуді және тамақтануды үйреніп жатыр. Алайда ол әлеуметтік желіде жағымсыз пікірлер көп екенін айтқан.
Бекка бала кезінде қажетті стоматологиялық көмек ала алмаған. Бірақ оның тістері 18 жасқа дейін қатты бұзылмаған, кейін жағдайы біртіндеп нашарлай бастаған.
22 жасында оған B12, D, С дәрумендері мен темірдің ауыр тапшылығы диагнозы қойылған. Дәрігерлер барлық тісін бір ғана процедура барысында алып тастаған. Операция шамамен тоғыз сағатқа созылған.
Бекка Индиана штатында тұрады. Оның айтуынша, операцияны VCU School of Dentistry тегін жасаған, алайда тіс протездерінің құны 3000 доллар, яғни шамамен 1,575 миллион теңге болған. Аузы толық жазылуы үшін ол екі ай күткен.
Қазір серіктесі мен достары оны әрдайым қолдайды. Оның сөзінше, АҚШ-та 40 миллионнан астам адам тіс протезін тағады. Олардың басым бөлігі есірткіден емес, қарапайым стоматологиялық аурулардан, генетикалық факторлардан, денсаулық мәселелерінен, жас ұлғаюынан немесе жарақаттардан болған.
Тағы да оқыңыздар







