Қазақстанда 3,8 мыңнан астам дәрінің бағасы арзандады

2 504

Фото: Opennews.kz ЖИҚазақстанда дәрілік заттардың шекті бағасын қалыптастырудың жаңа тәсілдері мемлекеттік баға реттеуіне жататын дәрілік препараттардың едәуір бөлігінің құнына әсер етті, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.

2025 жылғы шекті бағаларды 2024 жылдың соңында бекітілген қолданыстағы бағалармен салыстырмалы талдау нәтижесі бойынша бағаның төмендеуі дәрілік заттардың 3 801 сауда атауын немесе жалпы санының 76%-ын қамтыды. Осы позициялар бойынша бағалар орта есеппен 26,5%-ға төмендеді.

2026 жылы не өзгерді?

Тағы 947 позиция бойынша баға өзгерген жоқ. Ал тізбе 246 жаңа позициямен толықтырылды. 2026 жылы дәрілік заттарды көтерме және бөлшек саудада өткізу үшін 2 055 препарат бойынша жаңа бағалар бекітілді: бағалар 16%-ға төмендеді, бекітілген шекті бағалардың жартысында өзгеріс болған жоқ, ал 169 позиция жаңа болып енгізілді.

Өзгерістер тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі шеңберінде берілетін дәрілік заттарға да қатысты. Жаңа шекті бағалар бойынша 1 397 сауда атауының немесе 47,8%-ының бағасы орта есеппен 22,45%-ға төмендеді.

Сонымен қатар ТМККК және МӘМС шеңберіндегі дәрілік заттардың халықаралық патенттелмеген атаулары бойынша шекті бағалар қайта қаралды. 453 позиция немесе 40,5% бойынша бағаның төмендеуі тіркеліп, орташа төмендеу 25,3%-ды құрады.

Бағаны белгілеу әдістемесі қалай жүзеге асады?

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Фармация комитетінің төрағасы Бауыржан Жүсіповтің айтуынша, алынған нәтижелер шекті бағаларды қалыптастыру тәсілдерін кешенді қайта қараумен байланысты.

«Баға белгілеу әдістемесіне енгізілген өзгерістер, ең алдымен, бағаны қалыптастыру процесінің ашықтығын арттыруға бағытталған. Бүгінде өндіруші мәлімдеген құн құжаттармен расталып, референттік елдердегі бағалармен салыстырылады. Бұл ретте ең төменгі үш бағаның орташа мәні пайдаланылады, ал деректер халықаралық ақпарат көздерінен алынған мәліметтермен қосымша расталады. Мұндай тәсіл дәрілік заттың мәлімделген құнын неғұрлым объективті бағалауға және шекті бағаларды қалыптастыруға мүмкіндік береді», – деп атап өтті Бауыржан Жүсіпов.

Қазіргі таңда бағаны тіркеу үшін өндіруші немесе оның өкілі мемлекеттік сараптама ұйымына өтініш пен зауыт бағасын растайтын құжаттарды, оның ішінде шартты, инвойсты, кедендік декларацияны және референттік елдердегі бағалар туралы мәліметтерді ұсынады.

OpenNews
ақпарат агенттігі
Заңды ақпарат

Басылым бетіндегі материалдарды пайдаланған жағдайда сілтеме жасалуы міндетті.

Ақпараттық өнім +18 жасқа толған және жасы одан жоғары адамдарға арналған.

Байланыс

Мәтінде қате таптыңыз ба?
Таңдап, оны белгілеп Ctrl + Enter басыңыз.

Әлеуметтік желілер

Copyright © 2010-2026. «OpenNews» - ақпарат агенттігі.