Қазақстанда 15 жылда қант диабетімен ауыратындар 3,5 есе өсті

250
Қазақстанда соңғы 15 жылда қант диабетімен ауыратын науқастар саны 3,5 есе өсті- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.

ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният Ташкентте өткен «Диабет: мониторингтен басқаруға» атты Орталық Азия диабетологиялық форумында осылай мәлімдеді.

Министр Қазақстан Денсаулық сақтау министрлігі үшін инфекциялық емес аурулардың, оның ішінде қант диабетінің алдын алу және оларға қарсы күрес сөзсіз басымдық екенін атап өтті.

«15 жыл ішінде Қазақстанда қант диабетімен ауыратын науқастар саны 3,5 есе өсті. 2021 жылдың басында диспансерлік есепте 382 мың адам тұр, оның ішінде: 30 мыңы - 1 типті қант диабеті бар пациенттер, 352 мыңы - 2 типті қант диабеті бар пациенттер. Қант диабетімен ауыратындар санының өсуі ерте анықтау мен диагностиканың жақсарғанын көрсетеді», - деп хабарлады ҚР Денсаулық сақтау министрлігі басшысының орынбасары.

Айтуынша, ересек тұрғындар арасында скрининг процедурасымен (60 млн тексеру) 2,5 млн-нан астам ауру, оның 
ішінде 62 мыңға жуық қант диабеті анықталған.

Ажар Ғиният форумға қатысушылардың назарын COVID-19 пандемиясынан туындаған ҚР эндокринологиялық қызметінің жұмысындағы өзгерістерге аударды. «Қазақстандық зерттеушілердің мәліметі бойынша, КВИ-мен ауыратын науқастардың өлімінің бір бөлігі декомпенсацияланған қант диабетімен бірге жүрді. Пандемия басталғалы бері бір топ зерттеуші клиникалық хаттаманың 13 нұсқасын жасады, олардың 4-уінде диабетпен ауыратын науқастарды емдеу тактикасы сипатталған», - деп хабарлады ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі.

Қант диабеті бар пациенттерді амбулаторияда дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді цифрландыру жалғасуда, оның нәтижесінде препаратты сатып алудың да, оны пайдаланудың да ашықтығына қол жеткізіледі. Қазіргі уақытта Қазақстанда тегін препарат тізіміне 30-ға жуық атау енгізілген.

«Біздің елімізде тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде 1-ші және 2-ші типті қант диабетімен ауыратын барлық пациент жеңілдікті препаратпен және медициналық бұйымдармен, оның ішінде инсулиндермен, тест жолақтарымен, инсулин помпасымен қамтамасыз етілген», - деді Ажар Ғиният.