ІІМ госпиталінде полиция қызметкерлеріне арналған оңалту орталығы ашылды

2 503

Фото:© Қорғаныс министрлігіІшкі істер министрлігі Орталық госпиталінің базасында қызметтік міндетін атқару кезінде жарақат алған немесе түрлі ауруларға шалдыққан ішкі істер органдары қызметкерлеріне арналған оңалту орталығы өз жұмысын бастады,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі Kazinform.kz сайтына сілтеме жасап.

Полиция қызметі үнемі қауіп-қатермен байланысты. Тәуелсіздік жылдары ішінде қызметтік борышын өтеу барысында бес мыңға жуық қызметкер түрлі жарақат алған. Бұл тек статистика емес - әрбір көрсеткіштің артында азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ете жүріп, өздері де ем мен оңалтуды қажет ететін жандардың тағдыры жатыр. Министрлік тапсырмасына сәйкес, госпитальда қызметкерлерді кешенді оңалтудан өткізу үшін барлық қажетті жағдай жасалған. Мұнда олар қалпына келтіру емін алып, денсаулығын нығайтып, толыққанды өмірге және қызметке қайта оралуға мүмкіндік алады. Алғашқы қабылдау 20-шы сәуірде ұйымдастырылып, орталыққа еліміздің әр өңірінен 12 қызметкер жіберілді. Оңалту жұмыстары негізгі медициналық бағыттар бойынша жүргізіледі: травматология, неврология, кардиология және терапия.

Пациенттерге заманауи емдеу тәсілдерінің кең спектрі ұсынылады. Олардың қатарында емдік дене шынықтыру, массаж, механотерапия, гидрокинезотерапия, бальнеотерапия, лазерлік терапия және басқа да қалпына келтіру әдістері бар. Орталықтың қызметі тұрақты негізде ұйымдастырылады: қабылдау кезеңдері тоқсан сайын өткізіліп отырады. Бұл орталықтың ашылуы - жеке құрамды әлеуметтік және медициналық тұрғыдан қолдау жүйесін жетілдірудегі маңызды қадам. Министрлік ел қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жүрген қызметкерлерге көрсетілетін қолдау деңгейін одан әрі арттыруды жалғастыруда.