Қазақстан коронавирус бойынша "қызыл" аймаққа кірді

277
Эпидемиологиялық ахуалды бағалау матрицасындағы көрсеткіштер өзгерді. Соған сәйкес, Қазақстан коронавирустың таралуы бойынша "қызыл" аймаққа өтті.

30 наурыздағы эпидемиологиялық жағдай бойынша:

Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары мен Атырау, Батыс Қазақстан облыстары "қызыл" аймақта. 

Ақтөбе, Алматы және Қарағанды облыстары "сары" аймақта.

Ал Қазақстанның басқа өңірлері "жасыл" аймақта тұр. 
Еске сала кетсек, өткен тәулікте 1445 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды. Ауру жұқтырғандардың басым көпшілігі (545 науқас) Алматы қаласында тіркелген. Жалпы ел бойынша коронавирус жұқтырғандар саны 243 318-ге жетіп отыр. 

Жаңа қаулыға сәйкес, елорданың мейрамханалары, кафелері, барлары және дәмханалары жұмыс күндері таңғы 7:00-ден кешкі 22:00-ге дейін жұмыс істей алады. 

Демалыс күндері келушілерді қабылдауға тыйым салынады. Тек тамақты жеткізіп беру немесе өзімен бірге алып кету тапсырысы бойынша жұмыс істей алады. 

Сонымен қатар қоғамдық тамақтану нысандары санитариялық-профилактикалық іс-шараларды сақтауға міндетті. Орналасқан жеріне қарамастан, ғимараттың толтырылуы 50 пайыздан, орын саны 30-дан аспау қажет.

Сонымен қатар бір үстелдегі адам саны 4-6 қонақтан аспау керек әрі кемінде 2 метр әлеуметтік арақашықтық сақталу тиіс.