Еліміздің аритмолог мамандары шетелдің клиникаларында біліктілігін арттырмақ

2 298

ҚР Президенті іс басқармасының Медициналық орталығы ауруханасында «Жүрек аритмиясын емдеу және кардиологтерге арналған жүрек электрофизиологиясы» дәстүрлі халықаралық конференциясы өтіп жатыр, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.


Алғаш рет Қазақстанға Еуропа жүрек ырғағы қауымдастығының (EHRA) президенті Хосе Мерино арнайы келіп отыр.


Одан бөлек, Италия, Германия, Қытай, Ресей, Түркия, Әзербайжан, Грузия сынды 50-ге жуық елден аритмолог мамандар келген.


Олар қазақстандық мамандарға дәріс оқып, шеберлік сағатын өткізеді.


Екі күнге созылатын жиында аритмологиядағы скрининг, ерте диагностика, профилактика, аритмияға қарсы препараттармен емдеу мәселелері, заманауи аритмологиялық хирургияны дамыту, күрделі навигациялық жабдықты пайдалану мәселелері қаралады.


«Қазақстан аритмологтар қоғамы 2014 жылы құрылған, содан бері жыл сайын жас аритмологтар мен кардиологтарға осындай шара ұйымдастырамыз. 2019 жылы біздің қоғам Еуропа жүрек ырғағы қауымдастығына қосылды. Яғни қазақстандық аритмологтар ұйымының әрбір мүшесі Еуропалық ұйымның да мүшесі болып саналады. Бұл жас мамандарға үлкен мүмкіндік береді, олар еуропалық аритмологтармен бірге конкурстарға қатыса алады, Еуропаның мықты клиникасында біліктілігін арттыра алады. Мұның бәріне Еуропа жүрек ырғағы қауымдастығының қолдауымен қол жеткіздік», - деді Қазақстан аритмологтер қоғамының президенті, ҚР ПІБ МО ауруханасынның бас аритмолог-дәрігері Аян Әбдірахманов.


2014 жылы Қазақстан аритмологтер қоғамында 35 дәрігер болса, қазір олардың саны 76-ға жеткен. Яғни кардиология саласындағы аритмолог дәрігерлер саны артып келеді.

 

«Аритмологияны жаңа мамандық деуге болады, ол өткен ғасырдың 80-жылдары ғана пайда болған. Бұл мамандық кардиология, кардиохирургия, инженерия және рентгенология бағыттарын біріктіреді және кенеттен жүрек ауруынан қайтыс болудың алдын алады. Көбінесе біз ота жасағанда тамыр арқылы кіріп, жүректің ішіне ота жасаймыз. Адамның кенеттен жүрек ауруынан қайтыс болмауы үшін түрлі ота жасаймыз, жүректің ырғаының бұзуылуын зерттейміз. Ертең аритмологтар қоғамының жыл бойы істеген жұмысын қорытындылаймыз және өзекті мәселелерді талқылаймыз. Қазақстандық аритмологтер мен дүниежүзі ғалымдарының ынтымақтастығы ондаған жылдарға жалғасып келеді», - дейді Аян Әбідрахманов.


Конференция аясында ҚР Президенті Іс Басқармасының ауруханасына 5 электронды кардиостимулятор орнатылды. Бұл кардиостимуляторлар аритмология саласындағы озық технологияны білдіреді және асқыну қаупін 50% азайтады.