Қазақстанда карантин жеңілдеді

264

Қазақстанда "омикрон" штамының таралуына қарамастан, бизнес үшін карантин жеңілдетіліп жатыр, - деп хабарлайды  Opennews.kz ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.

Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинияттың айтуынша, вирус жұқтырған адаммен жақын байланыста болған және симптомсыз науқастар үшін карантин мерзімі 14-тен 10 күнге дейін қысқартылды.
"Бұл ретте, 7 тәуліктен кейін ПТР-тест теріс нәтиже көрсетсе, карантин аяқталады. Егер қандай да бір себептермен 7 тәуліктен кейін ПТР-тест тапсырылмаса, онда карантин қосымша тест тапсырусыз 10-шы күні аяқталады", – деп түсіндірді Ғиният үкімет отырысында.

Айтуынша, бұл шарттар бас мемлекеттік санитар дәрігердің шектеу шаралары, жұмыс ережелері мен Ashyq-тағы мәртебенің өзгеруін айқындайтын қаулыларында көрініс тапты.
Cондай-ақ ол Мемлекет басшысының 2022 жылғы 21 қаңтардағы тапсырмаларын іске асыру мақсатында ВАК-та бизнес субъектілері үшін шектеулерді жеңілдету тәсілдері қаралып, мақұлданғанын еске салды.
Оның айтуынша:
  • кәсіпкерлік нысандарында Ashyq жобасын одан әрі іске асыру жалғасады;
  • барлық аймақта "жасыл" және "көк" мәртебесі барларға кіруге болатын нысандар үшін жұмыс уақыты бойынша шектеулер алынады; 
  • Эпидемиологиялық қауіп аймағына қарамастан, Ashyq-та  тек "жасыл" мәртебесін пайдалану кезінде салтанатты, еске алу, спорт іс-шаралары, көрмелер, форумдар шектеулерсіз өткізіледі. Спорт кешендерінің, сауықтыру және діни нысандардың, ойын-сауық нысандарының, сауда-ойын сауық орталықтарының, сауда желілерінің қызметіне шектеу қойылмайды
"Эпидемиологиялық қауіп аймағына қарамастан "көк" мәртебесі бар болған кезде отельдерге, қонақ үйлерге, әуежайларға, теміржол, автовокзалдарға, Халыққа қызмет көрсету орталықтарына, "Қазпошта" АҚ бөлімшелеріне, банктерге, асханалар түріндегі қоғамдық тамақтану объектілеріне, жабық базарларға, білім беру ұйымдарына, СПА-орталықтарға, сән салондарына, облысаралық, облысішілік, қалалық тасымалдауларға шектеусіз кіруге рұқсат етіледі", – деді Ажар Ғиният.

Оның айтуынша, "көк" мәртебесі барларға кіруге рұқсат етілген бірқатар нысан үшін:
  • "жасыл" аймақтағы шектеулер алып тасталды;
  • "Сары" аймақта – 70 пайызға дейін, "қызыл" аймақта – 60 пайызға және мейрамханалар, мәдени нысандар, балалар мен ересектер үшін сауда, және ойын-сауық орындары бойынша толымдылық ұлғайтылды.
"Елімізде пандемияның бүкіл кезеңінде бизнестің барлық салаларында карантин шараларының мұндай кең ауқымды жеңілдіктері болған жоқ", – деді министр.