Дәрумендер мен минералдар: D дәрумені жайлы не білу керек?

2 549

Фото: el-klinika.ruD дәрумені - барлық орган мен жүйенің алмасуына қажет элемент. D дәрумені ағзаға не үшін керек? Ол қандай өнімдерде бар? Бұл элементтің ағзаға жетіспейтінін қалай білуге болады?, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

D дәрумені ағзаға сүйектердің өсуіне қажетті кальций мен фосфордың сіңуіне көмектеседі. Сондай-ақ ол қорғаныш функциясын атқарады: қатерлі жасушалардың көбеюінің алдын алады, иммунитетке жұқпалармен күресуге көмектеседі, қабыну процестерін азайтады. D дәрумені жүйке-бұлшықет, эндокринді және иммунды жүйелердің қалыпты жұмыс істеуіне қатысады.

Адам күн астында болғанда ағза оны өздігінен өңдейді. Сондай-ақ D дәруменін тамақтан немесе арнайы препарттар ішу арқылы алуға болады. Біздің елде күннің көзі жыл бойына жарқырап тұрмайды. Сондықтан көпшілік адамда D дәруменінің жетіспеушілігі байқалады.

D дәруменінің типтері

Бұл дәруменнің 5 типі бар: D1, D2, D3, D4, D5. Алайда қосымшаларда оның тек екі түрін қолданады. D2 (эргокальциферол) және D3 (холекальциферол). D2 дәрумені өсімдіктер мен саңырауқұлақтарда, ал D3 дәрумені жануарлар мен адам ағзасында синтезделеді. D3 дәрумені жақсырақ сіңеді.

D дәруменінің тәуліктік нормасы

Күн белсенді емес маусымдарда D дәруменінің тәуліктік нормасы мынадай:

1 жасқа дейінгі балалар — 400 МЕ;

1 жастан үлкен балалар және ересектер — 600–800 МЕ;

50 жастан асқан адамдар — 800–1000 МЕ;

Жүкті және бала емізетін әйелдер — 800–1200 МЕ.

D дәрумені кімдерге қажет?

Қарт кісілер;

Еметін сәбилер;

Бауыры ауыратын адамдар;

Артық салмағы бар адамдар;

D дәруменіне сезімталдығы төмен адамдар.

D дәруменінің деңгейін қалай білуге болады?

Ағзаңыздағы D дәруменінің деңгейін білу үшін арнайы қан анализін тапсыру жеткілікті.

Ағзаға D дәруменінің жетіспейтінін қалай білуге болады?

Ересектердегі D дәрумені тапшылығының белгісі:

Бұлшықеттер мен сүйектердің ауыруы, әлсіздігі;

Ерін, тіл, саусақ және бет бұлшықеттерінің құрысуы;

Қатты зақым алмасаңыз да, сүйектердің сынып қалуы.

Балалардағы D дәрумені тапшылығының белгісі:

Бас сүйегі жұмсақ;

Баланың еңбегі кеш қатаяды;

Бас сүйегі мен кеуде тұсының пішіні басқаша;

Бала кеш отырады, еңбектейді және жүреді;

Жүргенде аяғы ауырады (мектеп жасындағы балалар);

Аяқтың х-тәрізді қисаюы.

D дәрумені жетіспеуінің қаупі

Балаларға D дәрумені жетіспесе, рахит даму қаупі бар. Ал егер ол ересектерге жетіспесе, остеомаляция (сүйектердің жұмсаруы), остеопороз аурулары пайда болуы мүмкін.

D дәрумені деңгейін қалай көбейтуге болады?

D дәруменінің қалыпты деңгейін сақтау үшін күн астына жиі шығу ұсынылады. Алайда күннің қарқынды сәулесі теріге зиян екенін ұмытпау керек: ол ерте қартаюға және тері қатерлі ісігіне әкелуі мүмкін.

D дәрумені қандай азық-түлікте бар?

Майлы балық. Балық еті – адамға ең пайдалы тағамдардың бірі. Әсіресе, майлы балықтың етінде D дәрумені мол болады. Атап айтқанда, ақсерке, майшабақ, сардина, сазан сынды балықтарды мол қоры бар. Оның үстіне, балық етінде Омега-3 атты май қышқылы көп болады. Ол жүрек жұмысын жасартады.

Сиырдың бауыры. Малдың ішкі органдары – өкпе-бауыр, жүрек-бүйрек – маңызды элементтерді жинаған бөлек. Мәселен, 100 грамм бауыр етінде D дәруменінің 48 МЕ көлемі жинақталған. Ал адамға күніне орта есеппен 600-800 МЕ көлемде D дәрумені керек.

Жұмыртқаның сарысы. Жұмыртқаның сарысы адамға бір күндік D дәруменінің 5 пайызын бере алады. Егер тауық күннің астында жүріп жұмыртқа басса, онда тіпті жақсы. Тауықты құнарлы жеммен тамақтандырса да, жұмыртқасы өте құнарлы болады.

Саңырауқұлақ. Табиғатта D дәруменінің мол қоры бойынша бірінші орында тұрған – саңырауқұлақ. Әсіресе, D2 дәруменіне бай. Оның үстіне, саңырауқұлақ майлы емес, калориясы аз тағам.

Сондай-ақ D дәруменін ББҚ (биологиялық белсенді қоспа) арқылы алуға болады. Алайда мұндай қосымшаларды өздігінен ішу ұсынылмайды. Оны алдымен анализ тапсырып, содан соң дәрігер кеңесімен қабылдаған жөн. 

Еске салайық, дәрігер ББҚ – дәрі болмаса да, қауіпсіз препараттар емес екенін айтты. Сондықтан оларды өз бетінше іше беруге болмайды.

"Мысалы, ағзада қандай да бір дәруменнің немесе минералдың көп болуы бауыр және бүйрекке күш түсіруі мүмкін", - деп ескертті Ақбота Сейтмағұлова.