Шекарадан өтетін жүк көліктеріне QR-код жүйесі енгізілді
Қазақстандық жүк тасымалдаушыларға Ресей Федерациясымен арадағы шекарадан өту кезінде жаңа талаптар енгізілетіні ескертілді. Енді көлікпен жүк тасымалдау алдында тауарды алушы тарап алдын ала арнайы құжат рәсімдеп, QR-код алуы қажет
ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, 2026 жылғы 1 маусымнан бастап Ресей Федерациясында тауарларды күтуді растау жүйесі (ТКРЖ) іске қосылады. Жаңа жүйе шекарадағы көлік қозғалысын реттеу, бақылауды күшейту және жүк тасымалының ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында енгізілмек.
"Тауарларды автомобиль көлігімен әкелу кезінде алушыға Ресей Федерациясында алдағы жеткізілім туралы құжатты алдын-ала рәсімдеп, QR-кодын алу қажет. QR-коды жүргізушіде болуы және бақылаушы органдардың талабы бойынша көрсетілуі тиіс. Расталған QR кодының болмауы Ресей Федерациясына кіруге тиім салу және көлік құралын қайтаруды көздейді", делінген хабарламада.
Осыған байланысты Қазақстаннан Ресейге жүк тасымалдайтын жүргізушілер мен логистикалық компанияларға бірқатар талаптарды алдын ала ескеру қажеттігі айтылған. Мемлекеттік кірістер комитетінің хабарлауынша, жүк жөнелтушілер мен тасымалдаушылар ең алдымен ресейлік тауар алушымен байланысып, ТКРЖ жүйесінде рәсімделген QR-кодтың бар-жоғын нақтылауы қажет. Себебі шекарадан өту кезінде осы код негізгі растаушы құжаттардың бірі болмақ. Тасымалдаушылар өткізу пунктіне жеткенге дейін QR-кодтың дұрыстығын алдын ала тексеріп алуы тиіс. Код қағазға басылған немесе электронды форматта жүргізушіде болуы керек. МКК өкілдері QR-кодтағы мәліметтердің тауарға ілеспе құжаттармен толық сәйкес келуіне ерекше назар аудару қажет екенін атап өтті. Тауар атауы, өнім көлемі, көлік құралының деректері мен тауарды алушы туралы мәліметтер бірдей болуы тиіс. Мамандардың айтуынша, құжаттарда сәйкессіздік анықталған жағдайда немесе QR-код дұрыс рәсімделмесе, шекарадан өту уақыты айтарлықтай ұзарып кетуі мүмкін. Бұл өз кезегінде жүк жеткізу мерзіміне әсер етіп, тасымалдаушыларға қосымша шығын әкелуі ықтимал.
Осыған байланысты Мемлекеттік кірістер комитеті қазақстандық тасымалдаушыларға логистикалық процестерді алдын ала мұқият жоспарлауға кеңес беріп отыр. Әсіресе ресейлік серіктестермен құжаттарды рәсімдеу мәселесін ертерек келісіп алу маңызды екені айтылған. Жаңа жүйе Ресей аумағына кіретін жүк көліктерінің қозғалысын цифрлық форматта бақылауға мүмкіндік береді. Бұл шекарадағы кезектерді азайтуға, көлеңкелі тасымалдардың алдын алуға және тауар айналымын бақылауды күшейтуге бағытталған. Тасымалдаушыларға барлық тауарға ілеспе құжаттарды халықаралық талаптарға сәйкес дұрыс толтыру қажеттігі ескертілді. Құжаттардағы қателіктер немесе мәліметтердің сәйкес келмеуі шекара бекеттерінде қосымша тексерулерге себеп болуы мүмкін. Логистика саласының мамандары жаңа талаптардың алғашқы кезеңде тасымалдаушыларға қосымша міндет жүктейтінін айтады. Дегенмен уақыт өте келе жүйе шекарадағы процестерді реттеп, жүк тасымалының тиімділігін арттыруы мүмкін. Сарапшылардың пікірінше, цифрлық бақылау жүйесінің енгізілуі халықаралық жүк тасымалындағы ашықтықты арттырып, заңсыз тауар айналымының алдын алуға көмектеседі. Сонымен бірге тасымалдаушылар үшін құжат айналымын автоматтандыруға мүмкіндік бермек.
Қазіргі таңда Ресей Федерациясы шекарадағы бақылау тетіктерін кезең-кезеңімен күшейтіп келеді. Осыған байланысты халықаралық жүк тасымалымен айналысатын компанияларға жаңа ережелерді алдын ала зерделеп, қызметін соған бейімдеу маңызды болмақ. МКК өкілдері тасымалдаушыларды жаңа талаптарға жауапкершілікпен қарауға шақырып, Ресей бағыты бойынша жүк жеткізуді жоспарлау кезінде барлық өзгерісті ескеруді сұраған. QR-код жүйесі арқылы шекарадан өтетін жүк көліктері алдын ала тіркеліп, олардың қозғалысы электронды форматта бақыланады. Бұл өткізу бекеттеріндегі жүктемені азайтып, бақылау жұмыстарын жеңілдетуге бағытталған.







