Жол апатынан 3 адам зардап шегіп, ауруханаға жеткізілген

1 508

Фото: ©видеодан скриншотЖолаушылар мінген такси жол қоршауына соғылып, салдарынан үш адам түрлі дене жарақатын алды,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпараттық агенттігі Massaget.kz сайтына сілтеме жасап.

Полицияның мәліметінше, жол-көлік оқиғасы 29-шы мамыр күні кешкі уақытта тасжолда болған. Апат фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталып, көлік арнайы айып тұрағына қойылған. Құқық қорғау органдары оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр.

"Hyundai Tucson жүргізушісі қисық сызықты брус түріндегі кедергіге соғылған",- деп хабарлады полиция.

Олардың барлығы медициналық мекемеге жеткізілген. Зардап шеккендердің бірі ауыр жарақат алып, аяғынан айырылған. Қазіргі уақытта ол жансақтау бөлімінде дәрігерлердің бақылауында жатыр. Әлеуметтік желілерде тараған бейнежазбадан жол апатына ұшыраған кроссовердің қатты зақымданғанын көруге болады. Қатты соққының әсерінен жол бойындағы металл қоршау көліктің алдыңғы бөлігін тесіп өтіп, салонға кіріп кеткен.
Алдын ала мәлімет бойынша, ауыр жарақат алған 21 жастағы студент туған-туыстарына бара жатқан. Оның жақындарының айтуынша, апат болған жол учаскесінде жөндеу жұмыстары жүргізілген. 

"Ол жерде белгілер қойылып, біржақты қозғалыс енгізілген. Бірақ жүргізуші қатты жылдамдықпен келіп, қоршауға соғылған. Досымыз оқиға орнында оң аяғынан айырылып, көп қан жоғалтты. Жедел жәрдем көлігінде жүрегі тоқтап қалған, бірақ дәрігерлер оны аман алып қалды. Ауруханада оның екінші аяғын да ампутациялады. Қазір ол комада, жансақтау бөлімінде жатыр", – дейді зардап шегушінің достары.

Жолаушы сапарға "Яндекс Такси" сервисі арқылы тапсырыс берген. Көлікті 22 жастағы жүргізуші басқарғаны белгілі болды. Зардап шеккен азаматтың туыстары оқиғаның жан-жақты әрі әділ шешілуін күтуде. Олар жол апатын көрген куәгерлерден және бейнетіркегішке оқиға сәті түсіп қалған жүргізушілерден тергеу органдарына ақпарат беруді сұрайды. Қазіргі уақытта зардап шеккендердің жағдайы дәрігерлердің бақылауында, ал апаттың нақты себептері тергеу нәтижесінде анықталатын болмақ.